БҚО-да қызметтік иттердің көмегімен 300-ден астам қылмыс ашылды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында қызметтік иттердің көмегімен 300-ден астам қылмыс ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, кинологиялық қызмет орталығында 28 қызметтік ит бар, кинолог мамандар солармен бірге жедел тергеу тобы құрамында тәулік бойы кезекшілікте болады, іздестіру шараларына қатысады.
Биылғы он айда қызметтік иттердің көмегімен 300-ден астам қылмыс әшкереленсе, соның 227-сі - ұрлық, 27-сі - адам тонау, 56-сы - есірткіге қатысты, екеуі - адам өлтіру, біреуі - ауыр дене жарақатын келтіру.
Полиция департаменті кинологиялық қызмет орталығының бастығы, полиция майоры Талап Әсетовтің айтуынша, қызметтік иттерді тынбай тәрбиелей білсе, өз жемісін береді. Олар сенімді досқа айналады. Жаттығу күні бойы жүргізіледі.
«Иттер есірткіні иіскеп, таба алады, күдіктінің ізіне түседі. Қылмыскерді құрықтауға да қатысады. Осыншама қылмыстың ашылуы - соның дәлелі. Әр иттің өз көрсеткіші бар», деді Т.Әсетов.