БҚО-да лас су ауылға қарай ағып жатыр. Коммуналдық мекеме не дейді

ОРАЛ. KAZINFORM — Әлеуметтік желіде лас судың Жаңақала ауданы орталығына қарай ағып жатқаны жөнінде бейнежазба жарияланды.

БҚО-да лас су ауылға қарай ағып жатыр – коммуналдық мекеме жауап берді
Фото: Видеодан скриншот

Жаңақала ауылының тұрғыны Руслан Оразалиевтің Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, оқиға 21 қаңтарда болды. 

— Қалдық суды төгетін жалғыз орын ауылдан 1 шақырымға жетпейтін, 800 метрдей жерде орналасқан. Өткен жылы да осындай оқиға орын алды. Үш жылдай уақыт бұрын бұл нысан күрделі жөнделген. Солай бола тұрса да, ауылға қарай сасық су ағып, жайылып жатыр. Бұл қоршаған ортаға, экологияға үлкен зиян келтіреді. Қалдық суды ассенизаторлардың белгіленген жерге төкпейтіні анықталды. Сондықтан коммуналдық мекеме жүргізушілермен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, кемшілікке жол бермеуі керек деп есептеймін. Бүгін, 22 қаңтар күні коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері нысан басына келіп, олқылықтарды жоюға кірісті, — дейді Р.Оразалиев.

Осы оқиғаға байланысты Жаңақала ауданы әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Коммунал» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны басшысы Асылбек Төлешов жауап берді.

Оның айтуынша, кәріз суын төгетін полифильтрация нысаны Жаңақала ауданы орталығының солтүстік бағытында орын тепкен. Бұған 2021 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Атап айтқанда, 1,3 шақырым қалдық суды төгу орны қоршалып, 6 темірбетонды құдық ауыстырылды. Қалдық судың ағу жолына арналған 200 метр лотоктар орнатылды. Сонымен қатар ассенизаторлар үшін арнайы жасақталған қалдық суды төгу орны белгіленді.

— Осы кәріз төгетін орынға аудан орталығындағы жеке меншіктегі оннан астам ассенизатор автокөліктері жеке тұрғын үйлердің және мекемелердің кәріз суын төгеді. Жеке меншіктегі ассенизатор автокөліктерінің арнайы белгіленген орынға лас суды төкпеуі салдарынан мұның полифильтрация нысанының қоршау сыртына шығып кету жағдайы орын алып отыр. Ендігі кезде жеке меншіктегі ассенизатор автокөліктері иелерімен түсінік жұмыстары және полифильтрация нысанының қоршау ішіндегі дамбыларды қосымша көтеру жұмыстары жүргізіліп, сыртқа кеткен лас су арнайы автокөліктермен полифильтрация ішіне тасылады, — деді А.Төлешов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жайық бойынан топырақ қазып алынып жатқандықтан, бұл көктемде су тасқынына әкелуі мүмкін екендігін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар