Жайық бойынан топырақ қазып алынып жатыр, бұл көктемде су тасқынына әкелуі мүмкін
ОРАЛ. KAZINFORM – Оралда экологтар Жайық бойындағы жағажайдың карьерге айналып бара жатқанын айтып дабыл қақты. Осыған орай Kazinform тілшісі тараптармен тілдесіп, мәселені зерделеп көрді.

Жайық жағалауында жер қазу жұмыстарын кім жүргізді?
Батыс Қазақстан экологиялық географиялық қоғамының төрағасы Дархан Сариевтің айтуынша, экобелсенділер барған кезде «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ ауданында орналасқан жағажайда екі бірдей ауыр техника жер қазып, жұмыс істеп жатқан.
Оның сөзіне қарағанда, экскаватордың әзірге қандай фирмаға тиесілі екені белгісіз, мемлекеттік нөмірі де жоқ.

- Ауыр техниканың жүруі үшін орман ағаштары кесілген. Оларға жер қазуға кім рұқсат берді? Бұған тосқауыл қойылмаса, жасыл желектің жоқ болатыны өз алдына, жағажайда тұрғындар дем ала алмайды. Оның үстіне қазылған шұңқырға су жиналып, табиғи жүйе бұзылады. Топырақ құнарынан айырылып, өсімдік біткен жоғалады. Облыста 80-дей карьер болғанымен, жер қойнауын пайдаланушылар ешқандай өңдеу жұмысын жүргізбейді. Құмды қазып алып, орасан зор шұңқырлар қалдырады. Мұндай жағдай қашанға дейін жалғаса бермек? – дейді Д.Сариев.

Экологтардың пікірінше, топырақ көп алынғандықтан жағалау аласарып кеткен. Сол себепті көктемде осы тұстан лықсыған су қаланы басуы ықтимал.
Сонымен қатар жайылмаларда балық уылдырық шашып, көбейеді. Су қорғау аймағында мұндай жұмыстардың жүргізілуі балықтың да өсіп-өнуіне кесірін тигізуі мүмкін.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен алынған мәліметке қарағанда, әйел адам Жайық өзені жағасында белгісіз адамдардың экскаваторлар мен жүк көліктерін пайдаланып, құм-қиыршық тас қоспасын күндіз де, түнде де заңсыз алып жатқанын хабарлаған.
- Оқиға орнына учаскелік полиция инспекторлары, патрульдік полиция батальоны қызметкерлері табиғат қорғау полициясы және жедел тергеу тобымен бірге шұғыл барды. Тексеру кезінде заңбұзушылық белгілері болуы мүмкін бастапқы материалдар жинақталды. Барлық деректер ақпаратты есепке алу кітабында тіркелді. Осы деректер бойынша материалдар одан әрі қарау және қолданыстағы заң аясында шешім қабылдау үшін Орал қаласы жер қатынастары бөліміне жіберілді. Құқық қорғау органдары пайдалы қазбаларды тиісті рұқсатсыз өндіру Қазақстан Республикасы заңдарын бұзатынын еске салады. Анықталған деректер бойынша тиісінше шаралар алынады, - деп жауап берді Kazinform тілшісінің сауалына БҚО полиция департаменті.

БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжанов «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ (бұрынғы «Металлист» зауыты) тұсында Жайық өзенінің жағалауынан құм-қиыршық тас қоспасы қазып алынғанын растады.
- Бұл жұмыстар мемлекеттік орман қоры және ерекше қорғалатын табиғат аумағынан тыс жерде жүргізілген. Сол себептен аталған жұмыстың заңдылығын тексеру орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының құзыретіне жатпайды. Дегенмен, біздің мәліметімізше, қазу жұмыстары тоқтатылды және құқық қорғау органдары тиісті шаралар атқарып жатыр. Негізінде Су кодексінің 125-бабы және Жер қойнауы кодексінің 25-бабы бойынша су қорғау аумақтарының шегінде пайдалы қазба өндіруге тыйым салынған, - дейді Н.Рахымжанов.
Мәселе қалай шешілмек?
Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы Батыс Қазақстан облысы бойынша бөлім басшысы Қанат Өтеғалиевтің нақтылауынша, Жайық өзені жағалауында топырақ жамылғысын бұзу және карьер жасау дерегі бойынша БҚО полиция департаменті, соның ішінде табиғат қорғау полициясы өз құзыреті шегінде қызметін атқарды. Қазіргі кезде жер қазу жұмысы тоқтатылған.
- Нақты материалдар полиция департаментінен бізге және БҚО жер қатынастары басқармасына келіп түсуі керек. Содан кейін Кәсіпкерлік кодексі аясында өз қызметімізді атқарамыз. Карьерде нақты кімнің жұмыс жасап жатқаны, рұқсаты бар ма, жоқ па, бәрі тексеру барысында анықталады, - деді Қ.Өтеғалиев.
Орал қаласы жер қатынастары бөлімінен түскен мәліметке қарағанда, 2021 жылғы 23 шілдедегі кең тараған пайдалы қазба өндіру жөніндегі лицензия негізінде «Сателлит-Group» ЖШС жер телімін пайдалану құқығын алу жөнінде өтініш түсірген.

Комиссияның 2022 жылғы 4 мамырдағы шешіміне сәйкес оң қорытынды берілген. Алайда халық наразылығының туындауына байланысты Орал қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 20 сәуірдегі қаулысымен жер телімін беруден бас тартылған.
Аталған қаулы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен заңсыз деп танылған. Сот шешімін орындау мақсатында 2023 жылғы 20 қазанда жаңа қаулы шығарылған.
- Бұдан кейін аталған ЖШС жер телімін беруді өтініп қайта жүгінген. Орал қаласы сәулет және қала құрылысы бөлімінің қорытындысы, сондай-ақ жер комиссиясының 2024 жылғы 24 қаңтардағы № 2 теріс қорытындысына және аталған жер телімі бас жоспарға сәйкес рекреациялық аумақта орналасқандықтан оны беруден бас тартылған. Алайда мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 25 желтоқсандағы шешімімен әлгі қаулы заңсыз деп танылып, күші жойылды. Қазіргі таңда соттың осы шешімін орындау мәселесі күн тәртібінде тұр, - дейді Орал қаласы жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Әшімхан Жалмұханов.

Осылайша Ә.Жалмұханов «Сателлит-Group» ЖШС-ға лицензиясы болғанымен, жер актісі берілмегенін жеткізді.
Мәселенің толық жай-жапсары тексеру аяқталғаннан кейін белгілі болмақшы.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстандағы басты экологиялық мәселелер жайлы жазған болатынбыз.
