БҚО-да мәдениет саласына 5,9 млрд. теңге бөлініп отыр (ФОТО)

Оның айтуынша, еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілуіне байланысты мәдениет қызметкерлерінің жалақысы 20-дан 40 пайызға дейін көтерілді.
Өткен жылы салаға 4,9 млрд. теңге қаралған болатын, бұл алдыңғы жылғыдан 500 млн. теңгеге немесе 11,3 пайызға көп. Мәдениет ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 288 млн. теңге жұмсалды, бұл 2014 жылғыдан 139,4 млн. теңгеге немесе 93 пайызға артық. Осы қаражаттың есебінен облыстық жастар шығармашылығы орталығына сахна киімі тігілді, оның көрермен залы мен облыстық қазақ драма театры дыбыс күшейткіш, жарық бергіш аппаратуралармен жарақтандырылды. Осындай жұмыстар Бөрлі, Теректі, Сырым аудандарының мәдениет және демалыс орталықтары бойынша атқарылып, LED-экрандармен қамтылды. Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әртістеріне, сондай-ақ Теректі аудандық мәдениет үйіне сахналық киімдер тігілді. Республикалық бюджет есебінен 26,978 млн. теңгеге ХІХ ғасыр ескерткіштеріне жататын үш тарихи нысанға жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. 2015 жылы 301.0 млн. теңгеге 4 мәдениет нысаны күрделі жөнделсе, биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасына сәйкес Зеленов ауданының Рубежин ауылдық клубын күрделі жөндеуге 64,3 млн. теңге қарастырылды.
Өткен жылғы мәдени-көпшілік шаралар Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, ҚХА мен Қазақстан Конституциясының 20 жылдығына арналса, биылғы ауқымды жұмыстардың барлығы Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында атқарылады. Соның ішінде 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығы, Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығы сынды ел өміріндегі маңызы аса зор айтулы оқиғалар да ұмыт қалмайды. Тәуелсіздікке арналған шаралар осы айдың аяғында Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты кең көлемді кітап көрмесінен, Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында «Атамекен» облыстық балалар акциясынан бастау алады. Облыстық тарихи-өлкетану музейінде наурыз-желтоқсан айлары аралығында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай жиырма бес жас талантты анықтау мақсатында «Жауқазын - 2» жобасы жүзеге асырылмақшы. Бұдан басқа музей қорындағы әскери қару-жарақ, батырлардың сауыт-саймандарынан «Ер қаруы - бес қару» атты көрме жабдықталып, «Ұлт тағдыры» атты тарихи-тағылымдық шара ұйымдастырылмақшы.
Бұл шаралардың барлығы, Елбасы атап өткеніндей, басы артық бюджет шығындарынсыз, қолда бар мүмкіндіктерді пайдалану арқылы өткізіледі.
Сонымен қатар Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған патриоттық әндерді орындаушылар арасында «Ел ертеңі - жас ұлан» облыстық байқауы, халық композиторы, ақиық әнші Мұхит Мерәліұлының 175 жылдығына арналған «Сары дала сағынышы - сал Мұхит» республикалық әншілер байқауы мен облыстық қазақ драма театрында «Ән Мұхит» спектаклін қою, күй анасы, Қазақстанның халық әртісі Дина Нұрпейісованың 155 жылдығына орай «Күй дүлдүлі - Дина» атты республикалық және күйші-композитор Сейтек Оразалыұлының 155 жылдығына орай «Сейтек перне» атты аймақтық домбырашылар байқаулары, жыр-терме өнерінің ардақтылары Жақсылық Сәрсенғалиев, Қалампыр Рахимова, Қаламқас Орашевалардың есімін ұлықтауға арналған «Термелетіп жырлайын» атты республикалық дәстүрлі термешілер байқауы және басқа ірі шаралар жоспарлануда.
ҚР Үкіметімен бекітілген «Облыс аптасын тұрақты өткізу» кестесіне сәйкес биыл Маңғыстауда Батыс Қазақстан, содан кейін Ақ Жайық өңірінде Маңғыстау облысының мәдениет күндері өтеді.
«Басты мақсат - мемлекеттілік дәстүрінің сабақтастығын жалғастырып, жаңғырту, бекіту және бұл атаулы шаралар «Мәңгілік ел» идеясын бұқараның санасына сіңіру үшін қажет», - деді Дәулеткерей Атауұлы.