БҚО-да мас өзбекстандықтар көлікті айдап кетіп, жол апатына түсті
Батыс Қазақстан облысында екі өзбекстандық азамат автокөлікті айдап кетіп, мас күйінде жол апатына түсті, деп хабарлайды Kazinform.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 13 қараша күні түнде болды.
«Шамамен сағат 23.10-да Орал қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері күдік тудырған Volkswagen Passat автомашинасын тоқтатады. Алайда автокөлік жүргізушісі полиция қызметкерлерінің көлік құралын тоқтату туралы заңды талаптарына бағынбай, қозғалысын жалғастырады. Содан кейін рульге ие бола алмай, М.Абдолов көшесінде орналасқан үйдің қақпасына түйіскеннен кейін полиция қызметкерлерінің қолына түсті» деп хабарлады ведомстводан.

Тексеру барысында көлікте 1996 жылғы өзбекстандық екі азаматтың болғаны және сараптама қорытындысы бойынша екеуі де орта дәрежеде мас екені анықталды.
Сонымен қатар құқық бұзушылардың автокөлікті айдап әкеткені және ол көліктің Бәйтерек ауданының 1978 жылғы тұрғынына тиесілі екендігі белгілі болды.
Қазіргі кезде аталған дерек бойынша ҚР ҚК 200-бабы 2-бөлігіне (айдап кету) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.