БҚО-да «Мектепке жол» шарасы жалғасуда

Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылының басты алаңында «Балаға мейірім сыйла!» ұранымен өткен «Мектепке жол» шарасы барысында барлығы 131 оқушыға сыйлықтар табысталды. Бұған аудандағы кәсіпкерлер мен демеушілер өз үлестерін қосты. Мысалы, «Самат» көлік жүргізушілер мектебінің директоры Д.Өтешқалиев 60 000 теңге, туберкулезден емдеу ауруханасының бас дәрігері С.Аймағамбетова 45 000 теңге, орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Р.Мұсағалиева 35 000 теңге, Чапаев орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің директоры М.Мұхтар 25 000 теңге, кәсіпкерлер А.Қажымов 30 000 теңге, Маржан Рақымжанова 31 000 теңге, аудандық білім бөлімі 40 000 теңге, «Нұржан» ЖШС директоры Ә.Досмақов 100 000 теңгенің көмектерін көрсетті.
Бөкей ордасы аудандық демалыс орталығында да жылдағы дәстүр бойынша «Мектепке жол» шарасы ұйымдастырылды.
Аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиеваның атап өткеніндей, бұл акция тек осы шарамен шектелмейді. Оның шеңберінде мұғалімдер өзіндік зерттеулер жүргізіп, оқушылардың әлеуметтік жағдайымен жіті танысады. Мекеме, демеушілер есебінен көмек беру өз алдына, киім-кешек, оқу құралымен көмектесу бағытында аудандық білім беру бөлімінің жанында «Мектеп» қоры жұмыс істейді.
Бұдан әрі мекеме басшылары мен олардың қызметкерлері, жеке кәсіпкерлер өздеріне бөлінген оқушыларға арнайы алынған сыйларын ықыласпен табыстады. Атап айтқанда, бұл қатарда аудан әкімінің аппараты бастаған ұйымдар және жеке кәсіпкерлер Бірман Түменов, Орынғаным Ақмұрзина, Әлия Нұркенова, Қанат Дүйсемалиев, Сағат Мұхамбетқалиевтер болды.
Жалпы, ауылдық округ әкімшілігінің ұйымдастыруымен аудан орталығындағы 42 мекеме мен 15-ке жуық жеке кәсіпкерге 147 баланы жаңа оқу жылына түрлі керек-жарақпен қамту ұсынылса, бұл күнгі шарада олардың дені тапсырманы мүлтіксіз орындады.
Осындай шаралар Орал қаласы мен облыстың басқа аудандарында да ұйымдастырылуда.