БҚО-да мемлекеттік қызмет сапасына қатысты 3 мыңнан астам заң бұзу анықталды

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік қызметтердің сапасын бақылау іс-шаралары барысында бес айда 3 098 заң бұзушылыққа жол берілгені белгілі болды.

БҚО-да мемлекеттік қызмет сапасына қатысты 3 мыңнан астам заң бұзу анықталды
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы Мұрат Байсаловтың мәлім еткеніндей, ең көп заң бұзушылық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (971, 31,3 пайыз) және денсаулық сақтау (856, 27,6 пайыз) саласында тіркелген.

Оның сөзіне қарағанда, сонымен қатар жер қатынастары (390, 12,5 пайыз), көлік (348, 11,2 пайыз), қауіпсіздік, қорғаныс және сот әділдігі (72, 2,3 пайыз), білім (68, 2,1 пайыз), мүлікке және зияткерлік меншікке құқықтар (178, 5,7 пайыз), сәулет және қала құрылысы (86, 2,7 пайыз), құжаттандыру (30, 0,9 пайыз) және өзге салаларда (18, 0,8 пайыз) заң бұзу анықталды.

— Ең көп бұзушылық мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін сақтамауға (1 420, 45,8 пайыз) қатысты. Сондай-ақ сыртқы мониторингпен 1 640 бұзушылық (878 мерзім бұзу, 619 қызмет көрсету тәртібін бұзу) белгілі болды. Анықталған бұзушылықтарға жол берген кінәлі 16 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды, — деді Мұрат Байсалов.

Оның айтуынша, жыл басынан бері қызмет алушылардан мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасына қатысты 42 шағым түскен. Соның ішінде 15 шағымда көрсетілген дәлелдер расталып, қызмет алушылардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да сыбайлас жемқорлыққа барған 4 мемлекеттік қызметшінің сотталғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар