БҚО-да наурызда 500-ге жуық адамнан коронавирус анықталды

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың мәлім еткеніндей, індет жұқтырғандардың 39,6 пайызы ЖРВИ белгілері бойынша қаралған кезде белгілі болды.
Сондай-ақ 39,4 пайызы - бұрын ауырғандармен қарым-қатынаста болғандар. Яғни үй ошағында оқшаулану тәртібі сақталмағандықтан, ковид кемі үш-төрт адамға жұғады.
Наурызда КВИ жұқтырғандармен байланыста болған 1075 адам медициналық бақылауға алынды.
Індет жұқтырғандардың 37,4 пайызы - жұмыс істейтіндер, 21,2 пайызы - зейнеткерлер, 17,3 пайызы - жұмыссыздар, 10,7 пайызы - оқушылар.
Оқу жылы басталғалы барлығы 522, үшінші тоқсанда, 11 қаңтардан бері 307 оқушыдан індет шықты. 23 ақпан мен 8 наурыз аралығында 16 мектептегі 25 сынып карантинге жабылды.
«Алда Көрісу күні, содан кейін Наурыз мейрамы келе жатыр. Сондықтан осы мерекелер кезінде ең алдымен сақтықты ұмытпай, іс-шараларды онлайн өткізу керек», деді Н.Мұстаев.
Осыған орай өңір басшысы Ғ.Есқалиев мониторингтік топтар жұмысын күшейтуді тапсырды.