БҚО-да он үш жасар оқушы қос бірдей қызды құтқарды (ФОТО)

БҚО ТЖ департаментінен түскен мәліметке қарағанда, жетінші сыныпты ойдағыдай бітірген Н.Тюкин 24 мамыр күні достарымен бірге дүкенге барады. Жол-жөнекей кездестірген екі қыздың бірі өзінің сыныптасы еді. Дүкен жанында достары қалып қояды да, Никита қыздармен әңгімелесіп, суға шомылуды жөн көреді. Өзен ортасына дейін жүзіп барған ол артына қараса, қыздардың бірі суға шашалып, батып бара жатқан. Сол бойда көмекке ұмтылып, оны жағаға шығарады. Енді екінші қыз айқайлап жәрдемге шақырады. Оған жеткен кезде қыз көрінбей кеткен еді. Бала бірнеше рет сүңгігеннен кейін ғана су астында ешқандай қозғалыссыз жатқан қызды тауып, 20 метр жерге дейін сүйреп, жағаға тартып шығарады. Сол жерде кеуде тұсынан жасанды тыныс алдыру әдісін жасайды. Содан кейін ғана аузынан су шыққан қыз демалып кетті.
БҚО ТЖ департаменті жетінші сынып оқушысының ерлігін назардан тыс қалдырмады. Анасымен бірге шақырып, құрмет көрсетті. ТЖ департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Замир Бердашев жасөспірімге батыл әрекеті үшін алғысын білдіріп, оны кәсіби құтқарушылар даярлайтын Көкшетау техникалық институтына оқуға шақырды. Баланың анасы Ольга Ивановна ұлының ерлігімен мақтанатынын жеткізді.