БҚО-да өңірдегі ең ірі сауда орталығы - «Дина» гипермаркеті ашылды (ФОТО)
Бұл - облыстағы ең ірі сауда орталығы. Оның ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, Елбасы тапсырмасына сәйкес Қазақстанда, соның ішінде өңірде шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан ұдайы қолдау көрсетіліп келеді. Соның нәтижесінде ірі жобалар жүзеге асырылуда. Өңір басшысы Орал қаласы іргесіндегі ауылда қазіргі заманғы талаптарға толық сай келетін сауда орталығын ашқан жеке кәсіпкер Асхат Қабиевке алғысын білдірді. Бұл халықты сапалы тауарлар түрлерімен қамтуға мүмкіндік береді әрі оның бағасы да қолжетімді болмақ.
Жеке кәсіпкер Асхат Қабиев бұл жобаға 1,8 млрд. теңге жұмсап, оны қысқа мерзімде жүзеге асырған. Жалпы ауданы 13 мың шаршы метрді құрайтын кешеннің 8 мың шаршы метрі сауда орындарын қамтыса, қалған 5 мың шаршы метрі кеңсе, қойма, асхана секілді көмекші орындарға арналған. Ең бастысы, сауда орталығында 360 жаңа жұмыс орны ашылып отыр. 260 адам сауда орындарында, 60 адам тәтті тағам дайындайтын цехта жұмыс жасаса, 40 адам келушілерге қызмет көрсететін болады. Сонымен қатар кеңсенің жанында 500-ге жуық автокөлікті қоюға болатын арнайы тұрақ жасақталған.