БҚО-да өңірлерді дамыту бағдарламасына сәйкес ауылдар қайта түлеуде

Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының бастығы Руслан Бектемірдің айтуынша, бағдарлама шеңберінде жергілікті өзін-өзі басқаруды қаржылай қолдау мақсатында республикалық бюджеттен БҚО-ға 41 983 мың теңге қаржы қаралды. Бұл қаражат тұрғындардың санына байланысты аудандарға бөлінді. Биыл бағдарламаның қанатқақты жылы болып табылады. Сол себепті әр аудан басшылары әлеуеті жоғары не орташа деп танылған үш ауылды анықтап алды. Осыларда, яғни облыс бойынша 36 ауылда қазынадан мақсатты трансферт арқылы бөлінген қаржыға көшелерді жарықтандыру және көгалдандыру, тұрғын үй қорын сақтау, қалдықтарды шығару, рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлерді жабу, иесіз нысандарды бұзу, қатты тұрмыстық қалдықтар мен мал қорымдары полигондарын салу, жылыту жүйелерін жөндеу, балалардың ойын алаңдарын орнату бағытында жұмыстар жүргізілуде. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша бөлінген қаржының 29 329 мың теңгесі, яғни 70 пайызы игерілді.
Аудандар арасында ең көп қаржы Зеленовқа бөлінген. 7 249 мың теңгеге Переметный, Көшім, Махамбет ауылдарының көшелері жарықтануы керек болатын. Алайда бұл жұмыс әзірге тоқтап тұр. Аудандық экономика және қаржы бөлімі бастығының орынбасары Виктор Железновтың айтуынша, бұл жұмыстарды жүргізуді веб-портал арқылы ұтып алған мекеменің жарықтандыру қызметімен айналысуға рұқсат беретін тиісті құжаттары жоқ болып шыққан. Соған орай дау туындауда.
Дәл осындай бағытта 5 475 мың теңге алған ақжайықтықтарда мұндай дау жоқ. «Орал жарығы» серіктестігі аудан орталығына 72 көше шамын, 4 фоторелелі есептегіш орнатқан. Мамандар фотореле экономикалық жағынан тиімді құрылғы деп бағалап отыр. Бұрындары кеште шамды жағып, күндіз өшіру үшін бір адам керек болса, фотореле күн қараңғыланған сәтте өзі шамдарды қосып, таң шапағы айналаны жарықтандырғанда өзі өшіреді. Тайпақ, Ақсуат ауылдарының көшелеріне де орнатылған аспалы шамдардан айнала самаладай жарқырап тұр. Аталмыш бағдарламаның арқасында сондай-ақ Чапаевтағы орталық көшеде балалардың екі ойын алаңы жасақталды. Сөйтіп, мұнда бөбектер алаңының саны алтыға жетті. Чапаев ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Кенжебек Қайыровтың мәліметіне қарағанда, бұл жұмыстардың бәріне 1 970 мың теңге жұмсалған.
Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында қаржыны мол алған тағы бір аудан - Теректі. 5 460 мың теңгені теректіліктер негізінен рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлерді жоюға, қатты тұрмыстық қалдықтар мен мал қорымдары полигондарын салу ісіне жұмсапты. Соның нәтижесінде Көнеккеткен, Ұзынкөл, Долинный ауылдары біраз тазарып қалған. Оның үстіне ұзынкөлдік балдырғандардың да қуанышында шек жоқ. Білім ұясындағы мектепке дейінгі орталықтағы балалардың ойынына қызыға да қызғана қарайтын бүлдіршіндер енді ауыл орталығында өздеріне арнап жасақталған алаңда уақыттарын қызықты өткізуде. Әткеншектер, түрлі-түсті бояулармен сырланған сатылар және сырғанақтар, басқа да қызықты дүниелер балалардың көңілін аулауда.
Қаратөбе ауданында бөлінген 2 196 мың теңгеге Қаратөбе, Сулыкөл, Саралжын ауылдық округтерінде абаттандыру, қатты тұрмыстық қалдықтар мен мал қорымдары полигондарын салу жұмыстары жүргізілген. Мәселен, Саралжын ауылдық округін абаттандыру бойынша өткізілген тендерде жеңімпаз болып табылған «Қалдығайты» ЖШС бөлінген 732 мың теңгені толық игерген. Яғни округ орталығы Мұхит ауылындағы орталық саябаққа ұзындығы 1250 метрді құрайтын су құбырын өткізген. Сондай-ақ 1000 түп терек пен түрлі гүлдерді әкеліп отырғызыпты.
Ауылды көркейтуге бағытталған аталмыш бағдарламаға жаңақалалықтар дән риза. Қызылоба ауылдық округіне аталмыш бағдарлама негізінде 800 мың теңге қаржы бұйырып, төрт көшеге 28 фонар шамы мен фотореле орнатылды. Қазір Пятимарда да жарықтандыру мәселесі оң шешімін тапты. «571 мың теңгені ауыл ішіне жиналып қалған иесіз қоқыстарды шығаруға жұмсадық, - деді Пятимар ауылдық округінің әкімі Олжас Рақымов. - «Лайга» ЖШС-ның қуатты техникаларын тарту арқылы жылдар бойы шеменделген, таудай болып үйілген қоқыстан арылдық».
Жаңақазанға бағдарлама арқылы 1 млн. 495 мың теңге тиген-тұғын. Оны ауыл тұрғындары балалар алаңын тұрғызуға жұмсауды жөн көріпті. Бөбектерге арналған алаң Астана күні қарсаңында пайдалануға берілді.
Жәнібек аудандық экономика және қаржы бөлімінің бастығы Біржан Қуанәлиевтің айтуынша, бағдарлама бойынша ауданға 2 195 мың теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржы Ұзынкөл, Күйгенкөл және Борсы ауылдық округтерінің әрқайсысына 732 мың теңге мөлшерінде бөлініп берілген.
-Ауыл тұрғындарының жиынында бөлінген қаржыны ауыл тазалығын жақсарту мақсатына жұмсамақ болып шештік. Ауылдың ішін күл-қоқыстан тазарту жұмыстарына жарияланған тендерді ұтып алған жеке кәсіпкер тау болып үйіліп жатқан 1308 тонна қалдықты ауылдан аулақ жерге шығарды. Қазір ауылымыз айнадай тап-таза, - дейді Күйгенкөл ауылдық округінің әкімі Роберт Бегалиев.
Борсы мен Ұзынкөл ауылдық округтерінің орталығындағы және елді мекендеріндегі көшелерге шамдар орнатылып, олар самаладай жарқырап тұр.
Енді Бөкей ордасы ауданы орталығы Сайқында да көше жарығының саны көбеймек. Тендерді ұтып алған жеке кәсіпкер Б.Жұмағұлова орталық көшелердің біріне 48 бағана қойған. Көп кешікпей шам фонарлары орнатылмақшы. Ал Ұялы ауылында «Пахман» шаруа қожалығы 120 шаршы метр жерге ойын алаңын тұрғызыпты. Жаз бойы балалар биіктен сырғанап, алтыбақан, әттеншек теуіп, белтемір, діңгек (брус) сынды спорттық құрылғыларға тартылып ойнады. Орда да күл-қоқыстан тазарды. Сөйтіп, Бөкей ордасына бөлінген 2 161 мың теңге толық игерілді.