БҚО-да өрт қауіпсіздігі ережесін бұзған 117 адам жауапқа тартылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 117 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаментінің бас маманы Мереке Жұмағалиевтің айтуынша, бұл тұрғындар қоқыстарды өртеу және от жағу кезінде абай болмағаны үшін жазаланды.

Өңірде өрт шығу қаупі күшейгеннен бері 1141 гектарды қамтыған 3 орман өрті, сондай-ақ табиғи жанулар тіркелді. Мұның негізгі себептері – тұрғындардың отпен абай болмауы және құрғақ шөпті рұқсатсыз жағу.

«Қазіргі таңда карантиндік шектеу шараларының біртіндеп алынуына байланысты адамдар табиғатқа жаппай шыға бастады. Міне, осы кезде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтаудың маңызы зор. Ереже бұзушылықтың жолын кесу мақсатында БҚО ТЖ департаменті мен полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің жедел топтары елді мекендер мен саяжайларға апта сайын патрульдеу жұмыстарын жүргізуде», - деді М.Жұмағалиев.


Облыс көлемінде өрт 18 мамыр күні де тіркелді. Сағат 11.13-те Сырым ауданы орталығы Жымпиты ауылында Абай көшесі 1-үйдің ауласында 2,5 тонна шөп жанып кетті.

Өрт сағат 14.30-да оқшауланып, 14.50-де сөндірілді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда өрт сөндірушілер жанған гараждан газ баллонын шығарып үлгергенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар