БҚО-да өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 600-ге жуық адамға айыппұл салынды
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 311 өрт оқиғасы тіркелді.

БҚО ТЖ департаменті бастығының орынбасары Елдос Батталовтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда (270) 15,1 пайызға артық.
Елдос Нұрланұлының сөзіне қарағанда, өрт салдарынан 4 адам (2024 жылы осы кезеңде – 3) қаза тауып, біреуі (6) жарақат алды. Келтірілген шығын 29 млн 348 мың теңгеден асты.
- Тұрғын үй секторында 166 өрт болып, бұл да өткен жылғыдан (156) 6,4 пайызға көбейіп отыр. Сондай-ақ облыс аумағында жалпы ауданы 15,7 гектар 2 орман өрті және 413,5 гектар 55 даладағы жану тіркелді. Өткен жылы осы кезеңде тек 1 табиғи өрт оқиғасы болған еді, - деді Е.Батталов.
Оның айтуынша, департамент жасағында 186 техника бар. Оған қоса жеке құрам өрт орнына 9 техникамен (2 автобус, 7 вахталық көлік) жедел жете алады. Өрт сөндіруге тартылған күштермен радиобайланыс орнату үшін командалық-штабтық машина пайдаланылады, ол барлық ірі табиғи өрттерге тартылатын болады.
- Облыста құрамында 84 адамы бар 15 мобильдік топ жұмыс істейді. Күні бүгінге дейін 567 рейдтік іс-шара өткізіліп, соның барысында өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін 599 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 3 млн 322,990 мың теңге айыппұл салынды, - деді департамент бастығының орынбасары.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жүк көлігінің пойызбен соқтығысуына байланысты ТЖ департаменті түсінік бергенін жазған едік.