БҚО-да өткен аптада кісі тонау, бірнеше ұрлық фактілері тіркелді

ОРАЛ. 14 қаңтар. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 7-13 қаңтар аралығында кісі тонау, бірнеше ұрлық фактілері тіркелді.
None
None

Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, 7 қаңтар күні сағат 18.00 мен 23.00 аралығында белгісіз біреулер Жәнібек ауылы Оразбаев көшесіндегі үйлердің біріне есікті бұзып кіріп, әмияндағы 16 мың теңгені ұрлап кеткен. Полицейлер жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында 1979 жылы туған күдіктіні анықтап, қолға түсірді. Тергеу жұмыстары жүргізілуде.

Сол күні түнгі бірлерде Ақсай қаласындағы «Гауһар» дүкенінің маңында белгісіз біреу 1981 жылы туған А. есімді азаматты ұрып-соғып, дене жарақатын келтірген. Соққанымен қоймай, ашық түрде «Нокиа» маркілі ұялы телефонын алып кеткен. Бөрлі аудандық ішкі істер бөлімінің полиция қызметкерлері хабар түсісімен оқиғаның ізін суытпай ашты. Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде ұрған азаматтың «Гауһар» дүкенінің күзетшісі екені анықталып, ұсталды. Кінәсін мойындап, күдіктіден ұрланған зат тәркіленді. Қылмыстық іс қозғау туралы қаулы қабылдану үстінде.

7 қаңтарға қараған түні Зеленов ауданына қарасты Дариян ауылындағы Мирная көшесінде орналасқан «Аққу» кафесінің маңында тұрған М. есімді азаматтың «Оpel-Аstrа» автокөлігін белгісіз біреу айдап кеткен. Жедел тергеу тобы мен жол сақшылары оқиғаның ізін суытпай, бұрын істі болған 24 жасар К. деген күдіктіні анықтап, ұстады. Автокөлік Володарка ауылынан табылып, иесіне қайтарылды.

11 қаңтар күні сағат 18.30-да Орал қаласы Құрманғазы көшесінде орналасқан «Свежак» кафесінің қасында белгісіз екеу 34 жасар азаматтың «Нокиа» маркілі ұялы телефоны мен 18 000 теңге ақшасын тонап кеткен. Орал қалалық ішкі істер басқармасы жедел тергеу бөлімшесінің қызметкерлері 20 жасар қарақшыны анықтап, құрықтады.Күдікті қазіргі уақытта ҚР ҚІЖК 132-бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Жаңақала ауданында орын алған мал ұрлығы фактісі ашылды. Аталған факті өткен жылдың желтоқсан айының басында орын алған еді. Жаңақазан ауылы тұрғынының жайылымдағы ірі қарасын белгісіз біреу қолды қылған. Осы ауданның учаскелік полиция инспекторлары хабар түсісімен жедел іздестіру шараларын қолға алған. Іс-шаралар нәтижесінде мал ұрлаған күдіктіні анықтап, құрыққа түсірді. Ұсталған азамат жәбірленушінің 47 жасар жерлесі болып шықты. Полицейлер барымташының осы ауылда тұратын тағы бір азаматтың ірі қарасын ұрлағанын анықтап отыр. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тергеу жұмыстары жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар