БҚО-да өткен республикалық алқа отырысында халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелері талқыланды (ФОТО)
«Қазақстан жаңа зейнетақы жүйесін құра білді. Елбасының Қазақстанды әлеуметтік жетілдіру бағытындағы «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына 20 қадам» бағдарламасының тұжырымдамасы аясында берілген нақты тапсырмалар жүзеге асуда. Еңбек және әлеуметтік қатынастарды реттеу бойынша ашық та тиімді зейнетақы төлеу бағдарламасы қабылданды. Елдің экономикалық жағдайы жақсарған сайын зейнетақы салымдары да ұлғаяды. Әр азамат Отанының тұрақты дамуына, келешегіне алаңдайды. Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы БҚО филиалы күн сайын 700-800 адамға қызмет көрсетуде. Халыққа көрсетілетін барлық қызмет мемлекеттік стандартпен көрсетілген, толықтай автоматтандырылған», - деді облыс әкімінің орынбасары Б.Мәкен.
ЗТМО РМҚК бас директоры Біржан Жүнісов биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында қазақстандықтарға 3 млн.-ға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілгенін мәлімдеді.
Алқа кеңесінде Қазақстанның саяси және экономикалық жетілдіру жағдайындағы әлеуметтік саясаты талқыланып, ЗТМО-ның әлеуметтік және зейнетақымен қамтамасыз ету саласындағы жұмыстары қорытындыланды.
Кеңес аясында ауылда тұратын жалдамалы жұмысшылар мен жұмыссыз және табысы аз азаматтарды есепке алу мақсатында жасалған «Селолық округ әкімінің жұмыс орнын автоматтандыру» жобасы таныстырылды. Бұл жоба еңбек ресурстарының тепе-теңдігін сақтау, ішкі еңбек көші-қонын айқындау, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды рәсімдеу және отбасының қосымша шаруашылығы жайлы ақпаратты жүйелеу мәселелерін шешпек.
Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық, «Қазпошта» АҚ және ХҚКО арасындағы меморандумға сәйкес шұғыл топтар құрылған. Олардың көмегіне соңғы 3 айда 1407 шалғай елді мекен жүгінген. Соның ішінде зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау үшін 1475 адамнан өтініш түссе, 8339 адам осы бағытта кеңес алған. Сондай-ақ ЗТМО халықтан «Электрондық Үкімет» порталы арқылы өтініш қабылдауда. Бүгінде елімізде зейнетақы жүйесінде ай сайын 6 млн-нан астам төлемақы беріледі.
Алқа отырысында негізінен халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру әңгіме өзегі болды. Сондай-ақ бірқатар облыстардағы қызметтік тексерістер қорытындысы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұзуға жол бермеу бойынша атқарылған жұмыстар есебі тыңдалды.