БҚО-да «Өз өлкеңді өзгеден бұрын таны» атты кітаптың таныстырылымы болды (ФОТО)

Биыл күзде осы ауданда Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Өз өлкеңді өзгеден бұрын таны» атты ғылыми-танымдық конференция өткен болатын. Оралдағы «Полиграфсервис» ЖШС баспаханасынан жарық көрген аталмыш кітапқа осы конференцияның материалдары енгізілді. Атап айтқанда, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сыдықов, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев, «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин, Ақжайық ауданының құрметті азаматы, өлкетанушы, зейнеткер Әленғали Керейтегі және басқалардың зерттеулері мен ой-толғамдары орын алған. Кітаптың таныстырылымына қатысқан аудан әкімі Әділ Жоламанов Елбасымыздың «Мәңгілік ел» болу жөніндегі бастамасын қолдай отырып, тарихымызды терең білу үшін оны зерттеп, жинақ қылып шығарып, елге таратудың маңыздылығын атап көрсетті. Басқосуда кітапты құрастырушы, журналист Бақтығали Қоспаев, авторлар, «DАNА каz» журналының бас редакторы Қазбек Құттымұратұлы, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзин, Ақжайық ауданы М.Өтемісов атындағы негізгі мектеп жанындағы «Жерұйық» музейінің жетекшісі Жәнібек Әбілпейісов, ақын Сағынтай Бисенғалиев, кітапханашы Әсима Құлетова жаңа жинақ туралы өз пікірлерін білдірді.