БҚО-да пара алған қылмыстық-атқару жүйесінің аға инспекторы сотталды

ОРАЛ. Шілденің 3-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті қылмыстық-атқару жүйесі комитеті БҚО бойынша басқармасы Жәнібек аудандық қылмыстық-атқару инспекциясының аға инспекторы қызметін атқарған Болат Дүйсенғалиевке қатысты қылмыстық істі аяғына дейін жеткізді.
None
None

Департаменттің баспасөз қызметінен Ақлима Бүркітбаеваның ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, Б.Дүйсенғалиев ҚР ҚК 178 б. 2 б. «а,в» тармақтары (тонау) бойынша 3 жылға шартты мерзімге сотталған З.Сабырғалиевқа қатысты бақылау-қадағалау өндірісін қабылдаған.

Кейін Б.Дүйсенғалиев тексеру барысында З.Сабырғалиевтің тұрғылықты жерінде бірнеше айдан бері жоқ екенін анықтаған. Осыған байланысты ол Жәнібек аудандық сотына З.Сабырғалиевке қатысты іздеу жариялау туралы қатынасхат жолдаған, өтініш Жәнібек аудандық сотының қаулысымен қанағаттандырылған.

Жәнібек аудандық ішкі істер бөлімінен З.Сабырғалиевтің ұсталғандығы жөнінде хабарлама түскеннен кейін, аға инспектор Жәнібек аудандық сотына З.Сабырғалиевке қатысты шартты түрде сотталу жазасын бұзып, бастапқы сот үкімімен тағайындалған 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын орындау туралы өтініш жолдаған. Өтініш Жәнібек аудандық сотының 2009 жылғы желтоқсанның 23-індегі шешімімен қанағаттандырусыз қалдырылған.

Бұдан соң Б.Дүйсенғалиев З.Сабырғалиевпен кездесіп, пара алу мақсатында, ұсыныс қанағаттандырусыз қалдырылғанына ол себепші болғанын, алдағы уақытта оған қамқоршылық жасайтынын айтып, 100 000 теңге көлемінде ақша сұраған. Бұған З.Сабырғалиев келіскен. Бірақ Б.Дүйсенғалиевтің талаптарының заңсыз екенін түсінген ол БҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне арыз берген.

Өткен жылғы желтоқсанның 28-інде Жәнібек аудандық қылмыстық-атқару инспекциясының аға инспекторы ақша алу кезінде қаржы полициясы қызметкерлерінің қолына түсті.

Жәнібек аудандық соты Б.Дүйсенғалиевті тағылған айып бойынша кінәлі деп танып, мүлкін тәркілеумен бірге 3 жылға бас бостандығынан және сонша мерзімге мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқару құқығынан айыруға үкім етті.

Соңғы жаңалықтар