БҚО-да пара алған полицейдің үкімі өзгеріп, ол сот залында қамауға алынды
Батыс Қазақстан облысында пара алған бұрынғы полиция қызметкері Саяхат Тастілеуовке шыққан үкім өзгертілді, деп хабарлайды Kazinform.

Бұдан бұрын жазғанымыздай, Орал қалалық сотында Нұрлан Бердіғалиев, Ринат Туксумбаев, Саяхат Тастілеуов, Асыланбек Ғалиев, Александр Калиничев, Болат Нығметов, Диас Сейтқалиев, Ноян Халеловқа үкім шыққан болатын.
Соның ішінде пара берді деп айыпталған Р.Туксумбаев 7 жылға бас бостандығынан айырылса, қалған пара алушы полиция және көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлеріне түрлі көлемде айыппұл салынған еді.
Мұнымен келіспеген Р.Туксумбаев пен оның адвокаттары облыстық сотқа апелляциялық шағым түсірді.
Сондай-ақ прокуратура тарапынан да барлық пара алушылардың үкімінің күшін жойып, олардың жазасын бас бостандығынан айыруға ауыстыру жөнінде өтініш жасалды.
7 желтоқсан күні БҚО сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы аталмыш іс бойынша шешім қабылдады.
Орал қалалық сотының 9 қазандағы үкімінің Саяхат Тастілеуовке қатысты жаза бөлігі өзгертілді.
Оған ҚР ҚК 366-бабы 3-бөлігі 4-тармағына сәйкес жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу белгіленді.
Сондай-ақ мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылған С. Тастілеуов сот залында тұтқындалды.
Қылмыс жасағанға дейін басшылық қызмет атқарған С. Тастілеуов бұған дейін полиция майоры шенімен де қош айтысқан еді.
Қалған сотталушыларға шыққан үкім өзгеріссіз қалды.