БҚО-да пара алған полиция және көліктік бақылау қызметкерлері сотталды

Орал қалалық сотында Нұрлан Бердіғалиев, Ринат Туксумбаев, Саяхат Тастілеуов, Асыланбек Ғалиев, Александр Калиничев, Болат Нығметов, Диас Сейтқалиев, Ноян Халеловқа қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі. 

жемқорлық
Фото: Pexels

БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, ішкі істер органдарынан зейнетке шыққан, ресми түрде жұмыс жасамайтын Р.Туксумбаев лауазымды қызметкерлерге пара беруге бағытталған қылмыстық желі құрған.

Атап айтқанда, Р.Туксумбаев БҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясы, БҚО полиция департаменті мен Орал қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальондары қызметкерлеріне Ресейден келе жатқан, шамадан тыс мөлшерде астық тиелген жүк көліктерін кедергісіз өткізу үшін бірнеше рет жүйелі түрде пара берген.

Сонымен қатар ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Орал қалалық аумақтық инспекциясы қызметкеріне де ешқандай қарамастан карантиндік фитосанитариялық бақылау актісін беру және ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 400-бабы 1-бөлігі 12-тармағына (карантинге жатқызылған әкелінетін өнiмдi межелі пунктiнде қайталап карантиндік жете тексеру үшін ұсынбау) сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін пара берген.

Сот үкімімен Р.Туксумбаев ҚР ҚК 367-бабы 3-бөлігі 3-тармағына сәйкес айыпты деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды.

Н.Бердіғалиевке ҚР ҚК 366-бабы 3-бөлігі 4-тармағына сәйкес параның 60 еселенген мөлшерінде 3,6 млн теңге айыппұл салынды. Оның биылғы 28 наурыздан 9 қазанға дейін қамауда болу мерзімі ескеріліп, айыппұл көлемі 2 млн 691 мың теңгеге дейін төмендетілді.

С.Тастілеуовке 15 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Оның да қамауда болған мерзімі ескеріліп, айыппұл көлемі 2 млн 704,8 мың теңгеге дейін төмендетілді.

А.Ғалиевке ҚР ҚК 366-бабы 2-бөлігіне сәйкес параның 50 еселенген көлемінде 500 мың теңге айыппұл салынды.

ҚР ҚК 366-бабы 1-1-бөлігіне сәйкес А.Калиничев параның 40 еселенген көлемінде 2,8 млн, Д.Сейтқалиев 1 млн теңге айыппұл арқалады.

ҚР ҚК 366-бабы 3-бөлігі 4-тармағына сәйкес параның 60 еселенген мөлшерінде Н.Халеновке 1,8 млн теңге, Б.Нығметовке 2,4 млн теңге айыппұл кесілді.

Сотталушылардың барлығы мемлекеттік және квазимемлекеттік салада қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Оған қоса С.Тастілеуов полиция майоры, Н.Халенов полиция капитаны, А.Калиничев пен Д.Сейтқалиев полиция аға лейтенанты шендерімен қош айтысты.

ҚР ҚК 48-бабы 3-бөлігіне сәйкес Н.Бердіғалиевтен 60 мың, С.Тастілеуовтен 250 мың, А.Ғалиевтен 10 мың, А.Калиничевтен 70 мың, Б.Нығметовтен 40 мың, Д.Сейтқалиевтен 25 мың, Н.Халеновтен 30 мың теңге мемлекет пайдасына тәркіленді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. 

Соңғы жаңалықтар