БҚО-да полицей адамдарды ұрды деген дерек расталмады
ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО ішкі істер департаменті Тасқала аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік инспекторы Д.Ғалымов түсіп қалған бейнероликтің «Полиция қызметкері адамды ұрып-соқты» деген атпен таралуына байланысты түсінік берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Департаменттің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталған оқиға 7 қараша күні түс мезгілінде Тасқала ауылы М.Мәметова көшесі бойындағы «Вест» дəмханасы мен Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп маңында болған. Сол күні инспектор өз автокөлігімен аудандық сотқа бара жатып, мектеп жанында мас күйінде жүрген үш адамды байқаған. Осы кезде балалар сабақтан шығып жатқан.
Учаскелік инспектор аудандық ішкі істер бөлімінде есепте тұратын екі адамды танып, оларға ескерту жасап, полиция бөліміне барып, сосын медициналық куәландырудан өту үшін автокөлікке отыруын талап еткен. Құқық бұзушылар бұған бағынбай, Ғалымовты ұялы телефонға түсірген. Дегенмен полиция қызметкері үшеуін автокөлікке отырғызып, полиция бөліміне жеткізген. Ұсталғандарға полиция қызметкері қол көтермеген.
Сол күні қоғамдық орында мас күйінде жүргені үшін аталған үшеуге әкімшілік хаттама толтырылып, олар мұнымен келісіп, хаттамаға қол қойып, айыппұлды төлеуді міндетіне алған.
Сонымен қатар ұсталғандардың ұрлық пен қарақшылыққа барғаны үшін бұрын қылмыстық, оған қоса бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны анықталды.
Қазіргі кезде құқық бұзушылардың біреуіне қатысты бұрын сотталған қауіпті санатқа жататын тұлға ретінде неғұрлым қатаң бақылауға алу үшін әкімшілік қадағалау орнату жөнінде сотқа материал дайындалуда.
Аталған дерек бойынша Тасқала аудандық ішкі істер бөлімі қызметтік тексеру жүргізуде.