БҚО-да полиция 10 адамды сан соқтырған күдіктіні құрықтады
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 31 жастағы Ақтөбе қаласының тұрғынын ұстады. Ол бірқатар алаяқтық әрекет жасады деген күдікке ілінді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Тергеу барысында күдіктінің әлеуметтік желілер арқылы адамдармен танысып, түрлі сылтаулармен, соның ішінде басқа оқу орындарына ауыстыруға көмектесемін және жүргізуші куәлігін алып беремін деп уәде беріп, азаматтардың ақшасын алдап алғаны анықталды. Оның әрекетінен Батыс Қазақстан облысының 10 тұрғыны зардап шеккен. Келтірілген жалпы шығын көлемі 1 млн 400 мың теңгені құрайды.
Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде күдікті Алматы қаласында ұсталып, Орал қаласына жеткізілді және уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп, оның Қазақстанның басқа өңірлерінде осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.