БҚО-да полиция талабына бағынбаған азаматтар ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындамаған бір топ азамат ұсталды.

ы
Фото: ІІМ

Әлеуметтік желілерде Ақсай қаласында полиция қызметкерлерінің талаптарын елемей, агрессивті мінез-құлық танытқан азаматтардың қатысуымен болған бейнежазба тараған.

Полиция мәліметінше, оқиға 29 наурыз күні шамамен сағат 05:00-де болған.

– Азаматтың өтініші негізінде полиция қызметкерлері мас күйдегі ер адамға қатысты тиісті шаралар қабылдады. Тексеру барысында оның таныстары өзін өрескел ұстап, полиция қызметкерлерінің заңды әрекеттеріне кедергі келтіріп, талаптарын орындамағаны анықталды, – деп мәлімдеді ведомстводан.

Мас күйдегі құқық бұзушы 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Ал агрессия танытып, қарсылық көрсеткен өзге азаматтарға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Барлық қатысушылар анықталып, ұсталған.

Полиция азаматтарды құқық қорғау органдарының заңды талаптарын сақтауға шақырды.

– Полиция қызметкерлеріне қысым көрсету, арандату және заңды талаптарды әдейі орындамау әрекеттері қатаң әрі принципті түрде тоқтатылады, – деп ескертті ведомство өкілдері.

Сонымен қатар, егер азаматтар полиция тарапынан заң бұзушылық болды деп санаса, «102» нөміріне немесе ІІМ-нің өзіндік қауіпсіздік қызметіне 1402 арқылы хабарласу ұсынылады.

Құқық қорғау органдары әрбір қатысушының әрекетіне құқықтық баға берілетінін атап өтті.

Сондай-ақ тұрғындар тек ресми ақпарат көздеріне сүйеніп, жалған немесе бұрмаланған ақпарат таратудан бас тартуға шақырылды.

Айта кетейік, БҚО-да қамауда отырған күдіктінің өліміне қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.

Соңғы жаңалықтар