БҚО-да республикалық маңызы бар жолдарды күрделі жөндеу мен күтіп ұстауға 6,6 млрд. теңге жұмсалды (ФОТО)

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалының директоры Максим Есенғалиевтің айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес «Орал-Тасқала-РФ шекарасы» жолының (4-104 км) 100 шақырымын 2015-2017 жылдары қайта құру көзделуде. Мұның жалпы құны - 23 млрд. теңге. Бас мердігері - «Uniserv» ЖШС. Биыл осының 4-31 шақырымын (27 км) қайта құруға 1,8 млрд. теңге қаралып, 8 шақырым жолға асфальтбетон жамылғысы жабылды. Оған қоса осы жолдың 31-104 шақырымын (73 км) қайта құруға 1,2 млрд. теңге беріліп, 4,8 шақырымына қатқыл табанды жол төселді. Аталмыш жол құрылысы алдағы жылдары жалғасады.
«Uniserv» ЖШС сонымен қатар Чапаев-Жалпақтал-Қазталов-РФ шекарасы бағытындағы жолдың 97-157 шақырымы (60 км) аралығында күрделі жөндеу жұмыстарын атқаруда. Биыл бұл мақсатқа 2 млрд. теңге жұмсалып, 15 шақырым жол салынды.
Сол секілді «РСУ 1» ЖШС Қазталов-Жәнібек-РФ шекарасы бағытында 138-158 шақырым (20 км) аралығында 0,5 млрд. теңгеге 6 шақырымға қатқыл табансыз жолды төседі.
Орал-Теплое-РФ шекарасы бағытындағы жолдың 5-33 шақырым (28 км) аралығында «Нұржол Инвест» ЖШС 0,5 млрд. теңгеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізді.
Айта кетейік, «Қазақавтожол» РМК БҚО филиалының пайдалану ұйымы жолдарды күтіп ұстаумен айналысады. Оның құрамында 4 жол-пайдалану учаскесі мен 3 жол-пайдалану бекеті бар. 1212 км жолды күтіп ұстауға биыл 0,6 млрд. теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды.