БҚО-да «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы қорытындыланып, үздіктер марапатталды (ФОТО)

Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен Елбасы тапсырмасына сәйкес өңірде денсаулық сақтау саласында көптеген жұмыстар атқарылғанын атап өтті.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменовтің айтуынша, аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру үшін осы жылдар ішінде 12,7 млрд. теңге бөлінсе, соның 12,4 млрд. теңгесі республикалық, 0,3 млрд. теңге жергілікті бюджеттен қарастырылды. Соның нәтижесінде бастапқы медициналық-санитарлық көмекті қаржыландыру көлемі 53,2 пайызға артты.
Облыста бес жылда 24 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілсе, соның 17-сі ауылдық жерде бой көтерді. Оған қоса Оралдағы «Астана» шағынауданында салынып жатқан 300 төсектік көпбейінді қалалық аурухана алдағы жылдың бірінші жартысында іске қосылмақшы.
Бес жылда өңір халқы 634,2 мыңға, өмір сүру ұзақтығы 71,14 жасқа жетті, бұл 2010 жылғыдан (68,44) 2,7-ге артық. Мың тұрғынға шаққанда, туу көрсеткіші 3,6 пайызға (2010 жылы - 19,66, 2015 жылы - 20,40) артса, өлім-жітім 10,9 пайызға (2010 жылы - 9,97, 2015 жылы - 8,80) төмендеді. Ана өлімі 65,8 (100 мың тірі туылғанға: 2010 жылы - 24,9, 2015 жылы - 8,5), сәбилердің шетінеуі 38 пайызға (1 мың тірі туылғанға: 2010 жылы - 13,87, 2015 жылы - 8,6) кеміді.
Онкологиялық көмекті жақсарту мақсатында ауруды барынша ерте анықтауға мән берілуде. Бастапқы медициналық-санитарлық көмек саласында 23 онкокабинет жаңғыртылса, медицина ұйымдарында 16 маммологиялық және 1 проктологиялық кабинет жаңадан ашылды. Облыстық онкодиспанер қымбат тұратын жабдықтармен 95,1 пайызға дейін қамтамасыз етіліп, жылына 1 мыңдай адам емделетін сауықтыру және хоспистік бөлімшелер ашылды. 1300-ден астам науқас өздері тұратын жерлерде химиятерапиялық емдеумен қамтылды. Осындай шаралар нәтижесінде қатерлі ісік ауруларынан мерт болғандар 37,8 пайызға азайды. Сол секілді туберкулезбен күрес те маңызды мәселенің бірі болып қалуда. Осы бағытта нақты іс-қимыл жоспарына сәйкес тиісті жұмыстар атқарылуда. Күні бүгін ауруды қысқа мерзімде анықтауға мүмкіндік беретін НAINTEST (Хайнтест) және GEINXpert (Джейнэксперт) аппараттары орнатылған. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдар тарапынан туберкулезбен ауыратын 1200 науқасқа 36867,3 мың теңге көлемінде әлеуметтік қолдау көрсетілген, бұл республикалық нормативке сәйкес келеді.
Өңірде дәрі-дәрмекпен қамту да жақсарып, дәріхана саны 44,2 пайызға артып, 432-ге жеткізілсе, соның 214-і ауылдық жерде. 94 мыңнан астам адам 400-ден астам дәрі-дәрмек түрлерін тегін ала алады. Жыл сайын бұл мақсатқа жергілікті қазынадан 1,5 млрд. астам, республикалық бюджеттен 2,0 млрд. астам теңге бөлінеді.
Кадр саясаты үнемі назарда. Облыс әкімдігінің қолдауымен бес жылда 400-ден астам жас маман келсе, соның 50 пайыздан астамы ауылдық жерге жіберілді. Биылдың өзінде 87 маман өз орындарын тапты. Сонымен қатар жыл сайын 500-дей дәрігер, 2500-ден астам орта буын қызметкері өз біліктіліктерін жетілдіріп келеді.
Қорыта айтқанда, «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы облыста табысты түйінделіп отыр. Алдағы жылдан бастап «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылатын болады.
Жиын барысында биылғы жылы ерекше табыстарға қол жеткізген сала қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. Атап айтқанда, ҚР Тәуелсіздігі күніне орай Елбасы Жарлығымен облыстық перинаталдық орталық директоры Николай Дмитриенко «Шапағат» медалімен, қалалық жедел медициналық жәрдем стансасының директоры Сергей Бекежанов пен облыстық клиникалық аурухананың бас мейірбикесі Ольга Бошенятова Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталған болатын. Сонымен қатар бір топ сала үздіктеріне «Еңбек ардагері» медалі, «ҚР денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілері, басқа да марапаттар табыс етілді.