БҚО-да салтанатты түрде ашылған жол құрылысы бітпей қалғаны рас па

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында республикалық маңызы бар Подстепный-Теректі-РФ шекарасы (0-36 км) жолы биылғы 10 желтоқсанда ашылған болатын.

а
Фото: Бауыржан Ахметжан

Заңгер, БҚО қоғамдық кеңесінің мүшесі Бауыржан Ахметжанның мәлім еткеніндей, оның салтанатты ашылу рәсіміне Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев пен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев қатысқан. 

Қоғам белсендісінің сөзіне қарағанда, мердігер «Казкомсервис» ЖШС шарт бойынша міндеттерін толық орындамаған.

трасса
Фото: Бауыржан Ахметжан

— 19 желтоқсан күні аталмыш жол бойында болып, мынадай кемшіліктер мен заңбұзушылықтарды анықтадым. Ең алдымен 36 км асфальттың бетіне салынған жол таңбасы көп жерде кетіп қалған. Пойма ауылы тұсындағы көпір мен Подстепный кенті жанындағы жол айрығында бірнеше жерде қорғаныш кедергілері жасалмаған. Бұл жол қауіпсіздігіне тікелей қатысты, яғни көліктердің көпірлерде жүруі өте қауіпті. Сол секілді жол белгілері орнатылған темір бағаналардың ұзындығы 2 метрге төмен. Түнгі жарық бағаналары түбінде топырақ үйіліп қалған және олар электр қуатына қосылмаған. Жол жиегі бекітілмеген, мұнда да топырақ үйінділері жатыр. Бұл да апаттық жағдайға соқтыруы мүмкін, — дейді Б.Ахметжан. 

жол
Фото: Бауыржан Ахметжан

Оның айтуынша, мұның бәрі Жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдары қолдану ережелеріне қайшы. 

Мемлекеттік сатып алу туралы заңның 4-бабы 4-тармағына сай, мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне өздерімен жасалған шарттар бойынша өз міндеттемелерін тиісті түрде орындамаған өнім берушілер кіреді.

Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың немесе шарттың талаптарын бұзу фактісі туралы өзіне мәлім болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей мұндай өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге міндетті. 

а
Фото: Бауыржан Ахметжан

Б.Ахметжанның мәлімдеуінше, goszakup.gov.kz порталына сай, ҚазАвтоЖол «Казкомсервис» ЖШС-мен (директоры Бақытжан Құлтекенов, құрылтайшысы Қайыржан Құлтекенов) бірнеше шарт жасаған.

Мәні — Подстепный-Теректі-РФ шекарасы жолын (0-36 км) реконструкциялау. 

а
Фото: Бауыржан Ахметжан

— Жол құрылысы 3,5 жылда бірнеше есе өсті. 2022 жылы 30 маусымда шарт 21 млрд 883 млн 423,883 мың теңгеге жасалды. Ал биылғы 28 қазанда 32 млн 040 млн 504,577 мың теңгеге жеткен. Яғни «Казкомсервис» қайта жаңғыртып жатқан көлік жолының бір шақырымының бағасы 890 млн теңгеден асады. Жұмыстың аяқталу мерзімі биылғы 9 желтоқсан күні деп белгіленген. Оны уақытында бітірмеген жағдайда мердігер тұрақсыздық айыбын төлеуі тиіс, — деп қосты БҚО қоғамдық кеңесінің мүшесі.

Осы мәселеге орай Kazinform тілшісі ҚазАвтоЖолдың БҚО филиалына арнайы сауал жолдады.

а
Фото: Бауыржан Ахметжан

Филиал директоры Асылбек Марданның нақтылауынша, Подстепный-Теректі-РФ шекарасы автомобиль жолын қайта жаңғырту нысанының 0-36 км учаскесі бойынша қабылдау актісіне қол қойылмаған. 

— 10 желтоқсанда көлік құралдарының кедергісіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында қозғалыс ашылды. Аталған учаскеде негізгі жұмыстар толық аяқталды. Қазіргі уақытта ауа райын ескере отырып, автомобиль жолын абаттандыру, соның ішінде барьерлік қоршауларды орнату, жол жиектерін нығайту, су ағызу науаларын салу, жол белгілерін орнату және сыртқы жарықтандыруды қосу ісі жалғасып жатыр. Қалған жұмыс көлемі бойынша мердігер ұйымға төлем жасалған жоқ. Шарт мерзімі жыл соңында аяқталады, — деді А.Мардан.

а
Фото: Бауыржан Ахметжан

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жол салушы компанияның 19,7 млн теңгені бюджетке қайтарғанын жазған болатынбыз.   

Соңғы жаңалықтар