БҚО-да салық төлемеушілерден 35 млн. теңге өндірілді

Оның айтуынша, жеке тұлғалардың жер мен мүлікке салық төлеу мерзімі 1 қазанда аяқталды. Ал көлікке салық төлеу мерзімі 31 желтоқсанда бітеді. 20 қарашадағы мәлімет бойынша қараша айының болжамды көрсеткіштері мүліктік салық бойынша 192 пайызға (181,3 млн. теңге), жер салығы бойынша 97,8 пайызға (42,2 млн. теңге), көлік салығы бойынша 97,3 пайызға (880,3 млн. теңге) орындалды. Сонымен қатар салықты мерзімінде төлемеушілер де баршылық. Бұларға қатысты тиісті шаралар алынып, сот шешімдері орындау үшін сот орындаушыларына жіберіледі. Мұны орындатудың тетіктері ретінде өкілетті органдарда тіркеу іс-әрекетін шектеу, борышкердің көлік құралын тұтқындау үшін ІІД әкімшілік полициясы басқармасы желісі бойынша «Автоураган» базасына енгізу, республика аумағынан шығуды шектеу сынды шаралар қолданылады. Осындай кездерде қапы қалып, сан соқпас үшін қандай салықты да мерзімінде төлеудің маңызы зор.
Тағы бір атап өтетін жайт, Елбасының «100 нақты қадам» ұлт жоспарының 42-қадамында барлық азаматтың кіріс пен шығыстарын жалпыға ортақ салықтық декларациялауды енгізу белгіленгені мәлім. Осыған байланысты жеке тұлғалардың кірістері мен мүліктерін декларациялау мәселелері бойынша заң жобасы биылғы қазан айында ҚР Парламенті Сенатында қаралып, қабылданды. Заңға Президент биылғы 19 қарашада қол қойды.
Заңға сәйкес Қазақстанның барлық азаматтары, оралмандар мен елімізде тұруға рұқсаты бар тұлғалар декларация табыстауға міндетті. Сондай-ақ банк шоттарында қорланатын (3,4 млн. теңгеден астам) немесе кез келген кіріс көзі болып табылатын (бюджеттен алынатын кірісті қоспағанда) жеке мүлкі бар кәмелеттік жасқа толмаған тұлғалар да мүліктерін декларациялауға міндетті. Кәмелетке толмағандар үшін декларацияны олардың заңды өкілдері тапсырады. Бұдан басқа тіркелген мүлкі және салық төленбейтін кіріс көздері бар шетелдіктер де (халықаралық шарттарға сәйкес босатылған азаматтарды қоспағанда) мүлкі мен кірісін декларациялайды.
Декларациялау ісі кезең-кезеңмен атқарылмақ. Бірінші кезеңде, яғни 2017 жылы декларациялау жүйесіне халықтың анағұрлым дайындалған бөлігін тарту көзделуде. Олар - депутаттар, судьялар, мемлекеттік қызметкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары. Жалпыға ортақ декларациялаудың екінші кезеңі 2020 жылы деп белгіленді және бұл кезеңде декларациялауға халықтың қалған бөлігін тартылмақ. Кезеңдер арасындағы үш жылдық үзіліс құжаттарды қабылдау, талдау және өңдеу рәсімдерін іске асыру, бақылау жүйелерін қалпына келтіру жұмыстарына арналмақ.
Сонымен қатар 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда «Салық және бюджетке төленетін басқа да төлемдер» туралы заң күшіне енді. Аталмыш заңға сәйкес, бензин (авиациялықтан басқа), дизельді отын, спирт өнімдерін тасымалдаумен айналысатын кәсіпкерлер өз жұмыстарында міндетті түрде бақылау-кассалық машинасын пайдалануы тиіс. Бүгінгі таңда мемлекеттік тізілімде мұндай машинаның 17 түрі тіркелген, бұлардан басқа тағы 4 түрі тіркелмек. Мұндай машиналарды таратумен облыс көлемінде «Порт» ЖК (Карева), «ВТ Центр», «Кипер» және «Касса сервис» ЖШС айналысады. Аталған серіктестіктерде бақылау-кассалық машиналары 67 мың және 95 мың теңгеден сатылуда. Өңірде барлығы 2071 нысан бақылау-кассалық машинасымен қамтамасыз етілу керек болса, оның 61-і лицензияларын тапсырып, жұмыстарын тоқтатқан, 9-ы уақытша жұмыс істемейді және 608-і желіден тыс жерде орналасқан. Қалған 1393 нысанның 1212-сінде бақылау-кассалық машинасы бар. Облыстағы жаңа бақылау-кассалық машиналары арқылы 2015 жылдың 10 қарашасына дейін 9 млрд. 233 млн. теңгеге түбіртек өткізілген. Жаңа жылдан бастап кәсіпкерлерден бақылау-кассалық машиналарымен жұмыс істеу қатаң түрде талап етіледі. Сондықтан, олар мұндай машиналарды желтоқсан айында сатып алып, пайдалануға дайын отыруы тиіс.