Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

БҚО-да санитариялық бұзушылықтар бойынша білім мекемелеріне 360-тан астам ұйғарым берілді

ОРАЛ. KAZINFORM — Қазақстанда 2026 жылдың 1 ақпанынан бастап мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын барлық білім беру ұйымдарына қатысты ерекше мемлекеттік бақылау мен қадағалау енгізілгені белгілі.

Тексеру
Фото: ҚазАқпарат

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлдана Керееваның өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, тексерулер кенеттен, алдын ала хабарламасыз жүргізіледі.

Гүлдана Қайыржанқызының сөзіне қарағанда, бұл бақылау білім беру ұйымдарындағы санитариялық жағдайды, қауіпсіздікті, тамақтану сапасын, сондай-ақ сауықтыру іс-шараларын ұйымдастыру мәселелерін қамтиды. Ерекше бақылау мен қадағалау нысандарында жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер, тергеп-тексерулер, сондай-ақ нысанға барып, мониторинг жүргізу арқылы жүзеге асырылады.

Биыл 1 маусым – 1 шілде аралығында өңірдегі білім беру мекемелерінде мониторинг жүргізілді.

- Мониторингпен жоспарланған 578 нысанның 555-і қамтылса, соның 357-сі – мектептер, 189-ы – жалға берілген ас блоктары, 9-ы – мектеп-интернат. Анықталған бұзушылықтар негізінде оны 10 тамызға дейін жою туралы 363 ұйғарым берілді. Соның ішінде 277-сі мектептерге, 81-і ас блогына, бесеуі мектеп-интернатқа қатысты. Білім беру ұйымдарының басшыларына жөндеу жұмыстарын уақтылы аяқтау, материалдық-техникалық базаны нығайту, қолайлы оқу-тәрбие ортасын қалыптастыру және мектеп оқушыларының сапалы әрі қауіпсіз тамақтануын ұйымдастыру бойынша қажетті шараларды қабылдау ұсынылды. Сонымен қатар білім беру нысандарына мониторинг барысында санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталмауы бойынша 63 жедел қою шарасы берілді, - деді Г.Кереева.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда анықталған кемшіліктер негізінде берілген ұсынымдар мен жедел ден қою шараларының орындалуы бойынша жоспардан тыс тексерістер тіркеліп, жүргізіліп жатыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда сынама алынған 94 өнімнің 31-і талапқа сай болмай шыққанын жазған едік.