БҚО-да Сәтимола кен орнында 4 900-дан астам жұмыс орнын ашу көзделіп отыр
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында ең ірі жобалардың бірі – Сәтимола кен орнында калий тыңайтқыштарын өндіру кешенінің құрылысы аясында инфрақұрылымды тарту жұмыстары басталды.

БҚО кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бибігүл Ниетқалиеваның өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, құны 1,5 трлн теңгеден асатын жоба аясында 4 900-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.
Бибігүл Әбдіғалиқызының сөзіне қарағанда, 2034 жылы құрылыс жұмыстары толық бітеді деп жоспарланған.
- Сондай-ақ «ҚПО б.в.» компаниясы Қарашығанақ кен орнын кеңейту аясында 6-шы компрессорды салу және монтаждау жұмыстарын жүргізуде. Мұндағы құрылыс 2029 жылы толық аяқталмақ. Сол секілді шетелдік инвестор «ZhaikPetroleumLTD» ЖШС құны 78,8 млрд теңге болатын сұйық метанол өндіру бойынша газ-химия кешенін салуда. 58 млрд теңге көлеміндегі қаржыландыру «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы қамтамасыз етілген. Биыл соның 53 млрд теңгесі игерілмек. Құрылыс-монтаж жұмыстары алдағы шілде айында басталмақ, - деді Б.Ниетқалиева.
Оның айтуынша, биыл 56,9 млрд теңгеге 35 жобаны (837 жұмыс орны) жүзеге асыру жоспарланса, соның үшеуі қазірдің өзінде іске қосылды. Атап айтқанда, Орал қаласында көтерме-тарату орталығы («БатысКапиталЛимитед» ЖШС), арнайы техниканы бояу цехы («Оралагрореммаш» ЖШС) және Ақжайық ауданында суармалы учаскелер құру («Amaner IZI» ЖШС) жобасы мәресіне жетті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға 2,7 млрд теңге бөлініп отырғанын жазған едік.