БҚО-да Шекара қызметі департаментінің бөлім басшысына айыппұл салынды
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан, көлік айдап жүрген БҚО бойынша Шекара қызметі департаментінің бөлім басшысы ұсталды.
БҚО сотынан түскен мәліметке қарағанда, С. деген азамат 2024 жылғы 14 мамырдағы қаулыға сәйкес ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 608-бабы 1-бөлігіне (жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) сәйкес көлік құралын басқару құқығынан айырылған.
Соған қарамастан, департаменттің бөлім басшысы биылғы 15 қыркүйекте автокөлік айдап жүргенде қолға түскен.
«Сот отырысында С. көлік құралын басқару фактісін жоққа шығармай, жазаны айыппұл түріндегі өндіріп алумен шектелуді сұрады. Сот талқылауы оның аталған кодекстің 612-бабы 3-бөлігін бұзғанын көрсетті. Бұл елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуды немесе он тәулікке әкімшілік қамаққа алуды көздейді. Сот кодекстің 44-бабын, 829-14-бабы 1-бөлігінің 1-тармағын басшылыққа ала отырып, 612-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін С-ны кінәлі деп тапты. Оған 184,6 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда сот шешімін елемеген салық органының басшысы шығынға қалғанын жазған едік.