Оралда сот шешімін елемеген салық органының басшысы шығынға қалды
ОРАЛ. KAZINFORM – Сот шешімдерін орындамаған Орал қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысына 50 АЕК көлемінде ақшалай өндіріп алу салынды.
БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, талапкер аталмыш басқармаға соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтініш жіберген. Бірақ осы рәсімді қолданудан бас тарту туралы хабарлама алған. Ол бұл жөнінде БҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына шағымданған.
Сот істің материалдарын зерделеп, жауапкердің «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» Заңын бұзғанын анықтады, оған қоса басқарма талапкерді өзін банкрот деп жариялау құқығынан айырды. Сондай-ақ жауапкер әкімшілік рәсімді жүргізу тәртібін бұзды.
Осыған байланысты аталмыш соттың шешімімен талап қанағаттандырылды, салық органының хабарламасы заңсыз деп танылды. Сот жауапкерді бір ай мерзімде талапкерге қатысты қозғалған әкімшілік рәсімді жүргізуге және аяқтауға міндеттеді. Сонымен қатар жауапкерден 70 мың теңге көлемінде өкілдің көмегіне ақы төлеу бойынша шығыстар, 18 460 теңге сомасында мемлекеттік баж төлеу бойынша шығыстар өндірілді.
«2024 жылғы 27 тамызда шешім заңды күшіне енді, 4 қыркүйекте орындауға бағытталған. Алайда, соттың шешімі белгіленген мерзімде орындалмады, осыған байланысты сот өз отырысын белгілей отырып, ақшалай өндіріп алу туралы мәселені қарады. Салық органының басшысы экономика және бюджет жөніндегі комиссияның отырысы жоспарланып отырғанын айтып, сот отырысына келмеді. Жауапкердің өкілі қазіргі уақытта сот актісін орындау бойынша шаралар қабылданып жатқанын, жоғары тұрған органға ақша қаражатын бөлу туралы өтінішхат жіберілгенін айтты. Әйтсе де жауапкердің қаражат бөлу туралы өтінішхатты жіберу туралы дәлелдері ақшалай өндіріп алудан босату үшін негіз болып табылмайды, өйткені сот актісі 4 қазанға дейінгі мерзімде толық көлемде орындалуы тиіс еді. Осылайша, ҚР Әкімшілік рәсімдік процестік кодекстің 127-бабы 5, 6-бөліктеріне сәйкес сот ұйғарымымен Орал қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысына 50 АЕК мөлшерінде (184,6 мың теңге) ақшалай өндіріп алу салынды», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын сот шешімін орындамаған Орал әкімінің мемлекетке 700 мыңнан аса теңге төлейтінін жазған болатынбыз.