Сот шешімін орындамаған Орал әкімі мемлекетке 700 мыңнан аса теңге төлейді

ОРАЛ. KAZINFORM – Сот шешімін орындамаған Орал қаласы әкімі 2 іс бойынша жазаланып, мемлекетке 100 АЕК көлемінде қаржы төлейтін болды.

сот отырысы
Фото: Kazinform

БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 15 талапкер қала әкімдігіне бау-бақша серіктестіктерінде жер учаскелерін бөлу туралы өтінішпен жүгініп, бас тарту туралы қаулы алған.

Бас тартумен келіспей, талапкерлер екі талап арызбен БҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жүгінді.

Бірінші іс бойынша бау-бақша серіктестіктеріндегі талапкерлердің учаскені күтіп ұстау ауыртпалығын көтергені және көтеретіні, мүшелік жарналарды төлеу бойынша міндеттемелерді орындайтыны анықталды.

Сот саяжай қоғамдарының шекараларын белгілемеу талапкерге оның жер учаскесін жеке меншікке алу құқығын іске асыруға кедергі бола алмайды деп есептеді.

Осылайша, 7 талапкердің талап қоюлары толық көлемде қанағаттандырылды, қала әкімдігінің қаулылары заңсыз деп танылды.

Сот жауапкерді сот шешімі күшіне енген күннен бастап он жұмыс күні ішінде бау-бақша өсіруге жер учаскелерін беру туралы шешім қабылдау арқылы талапкерлердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге міндеттеді.

Екінші істің материалдарына сәйкес, екі талапкер уақытша өтеулі қысқа мерзімді жер пайдалану құқығында жер учаскелеріне иелік етеді, жер учаскелерінде тіркелген құрылыстар орналасқан.

Істің сот белгілеген мән-жайларынан аталған талапкерлер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден жаңа жер учаскелеріне емес, олардың нақты иелігіндегі, бұрын берілген жерлерге (қосымша учаскеге) үміткер болды.

Осыған байланысты талап қою талаптарын ішінара қанағаттандыру туралы шешім шығарылды, екі талапкердің талап қоюлары қанағаттандырылды. Жауапкерге талапкерлердің өтініштерін қайта қарау міндеті жүктелді. Қалған 6 талапкердің талап қоюларын қанағаттандырудан бас тартылды.

Соттың екі шешімі де заңды күшіне енді.

«Алайда жауапкер, Орал қаласының әкімі соттың шешімін мерзімінде орындамаған, бұл ҚР Әкімшілік рәсімдік процестік кодекстің 127-бабына сәйкес ақшалай өндіріп алу түріндегі процестік мәжбүрлеу шарасына әкеп соғады.

Сот шешімдерін орындамағаны үшін БҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының ұйғарымдарымен жауапкер, Орал қаласының әкіміне әр іс бойынша 50 АЕК мөлшерінде (369 мың теңге) ақшалай өндіріп алу салынды.

Қолданылған ақшалай өндіріп алуға қарамастан, жауапкер екінші әкімшілік іс бойынша соттың шешімін орындамады.

Осыған байланысты, соттың ұйғарымымен жауапкерге 60 АЕК мөлшерінде қайта ақшалай өндіріп алу (221 520 теңге) салынды. Соттың ұйғарымдары заңды күшіне енген жоқ», деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда комиссияның әкімдіктің аппарат басшысына заңсыз пәтер бергенін жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар