БҚО-да шекара маңындағы тұрғындар малы Ресейге өтіп кетіп жатыр
ОРАЛ. KAZINFORM – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Ерубаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары кезінде Казталов ауданының өзекті мәселелерімен танысты.

Аудан әкімі Асланбек Сарқұлов кездесуде аудандағы басты мәселе киіктің басым бөлігінің шоғырлануы мен су қорының аздығы екенін баса айтты.
Оның сөзіне қарағанда, жоғарыдан келген су қорын жинақтау мақсатында Жалпақтал су қоймасын салу жоспарланып отыр. Жоба көлемі – 28 млн текше метр.
Мәжіліс депутаты су қоймасының жобасымен танысып, Қараөзендегі су қорын бақылады. Аталмыш жобаны «Қазсушар» РМК БҚО филиалы Казталов учаскесінің бастығы Еркебұлан Ермұханов таныстырды. Серік Сәрсенұлы мәселені жан-жақты зерделеп, салалық министрлікке тиісті ұсынымдар беретінін жеткізді.
Мәжілістің сот-құқықтық реформалар жөніндегі комитетінің мүшесі Серік Ерубаев жұмыс сапары барысында «Казталов-Фомин» өткізу бекетіне барды.

Аудан басшысы Асланбек Ахметоллаұлы депутатқа аталған өткізу бекеті жөнінде ақпарат беріп, бекетті жөндеуден өткізу, қоршау, шекараға дейін жолды асфальттау жөнінде мәселе көтерді. Ал аудандық мәслихат депутаты Дулат Рахматуллин шекарадағы қоршаудың жоқтығы шаруаларға да қиын соғып отырғанын тілге тиек етті.
— Шекара – стратегиялық маңызы бар аймақ. Ал шекара маңындағы ауылдар мен елді мекендердегі шаруалар қоршаудың жоқтығынан зардап шегуде. Өйткені шекара маңындағы ағайынның малы Ресей Федерациясына өтіп кетіп жатыр. Оның үстіне жолды жөндеуден өткізу қажет. Шекарашылардың да материалдық-техникалық базасын жаңарту, нығайту керек. Бұл халықтың қауіпсіздігі, құқығын қорғау үшін маңызды. Осы орайда геосаяси ахуалды ескергеніміз жөн, — деді Д.Рахматуллин.
Қазіргі таңда «Казталов-Фомин» өткізу бекетінен жұма, сенбі, жексенбі күндері күніне шамамен 20-дан астам азамат шекара арқылы көрші мемлекетке өтеді. Жергілікті атқарушы және өкілетті органның пікіріне құлақ түрген Серік Ерубаев мәселені шешуге атсалысатынын айтты.

Мәжілістегі «Ақ жол» партиясы фракциясының мүшесі сондай-ақ «Сартаев» жеке кәсіпкерлігінің балық шаруашылығын дамыту жобасымен танысты. Жеке кәсіпкер Әлібек Сартаев Сокрыл көлі маңынан демалыс аймағын іске қосып, қонақ үйдің құрылысын жүргізуде. Сонымен қатар кәсіби мамандардың қатысуымен балық шаруашығын дамытуға ден қойып отыр. Серік Сәрсенұлы кәсіпкердің идеясы қолдауға тұратынын атап өтті.
— Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізде балық шаруашылығын дамытуға ден қою қажеттігі жөнінде Үкіметке нақты міндеттер жүктеді. Парламент қабырғасында да балық өсіру шаруашылығын дамыту мәселесі кеңінен талқыланды. Ауылдық жерде балық өсіру кәсібін іске қосу – өте орынды бастама. Заң кабинетте отырып қабылданбауы тиіс. Сондықтан біз өңірлерге жұмыс сапары барысында халықпен, кәсіпкерлермен, жергілікті атқарушы және өкілетті органдармен кездесіп, ұсыныстарды жинақтаудамыз. Сіздердің балық өсіруге, дамытуға қатысты ұсыныстарыңызды Мәжілісте көтеріп, салалық министрліктермен бірлесе жұмыстанатын боламыз, — деді халық қалаулысы.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Мәжіліс депутатының Оралдағы «Ақжайық» шағынауданының құрылыс барысымен танысқанын жазған едік.