БҚО-да шетелдік азамат есірткі сататын интернет-дүкен ұйымдастырған

ОРАЛ. KAZINFORM — «Дәрмек» және «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шаралары барысында БҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жас жігітті ұстады.

БҚО-да шетелдік азамат есірткі сататын интернет-дүкен ұйымдастырған
Фото: БҚО ПД

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 28 жастағы шетел азаматы жалға алынған коттеджде қолға түсті. Ол есірткі құралдарын таратуға арналған интернет-дүкенді ұйымдастырды деген күдікке ілінді.

Жеке тінту кезінде одан ашық қоңыр түсті ұнтақ зат салынған екі орама тәркіленді.

Сонымен қатар коттеджді тінту барысында осындай зат салынған ZIP-пакет, iPhone 11 телефоны және синтетикалық есірткі таратуға пайдаланылған болуы мүмкін материалдары бар Acer ноутбук табылды. 

— Сараптама тәркіленген заттың жалпы салмағы 2,62 грамм мефедрон екенін анықтады. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 17 жастағы студенттің есірткі таратумен айналысқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар