БҚО-да соңғы 5 жылда отбасылық-тұрмыстық қылмыстар үш есеге өскен
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында соңғы бес жылда қылмыстық құқық бұзушылықтар шамамен үш есеге (2019 жылғы 9 437-ден биылғы тоғыз айдағы 3 405-ке дейін) азайды. Бұл туралы заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі БҚО үйлестіру кеңесінің отырысында облыс прокурорының бірінші орынбасары Дәурен Омарғалиев мәлімдеді.

Оның айтуынша, есесіне кәмелетке толмағандарға қарсы және отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстарды саны 3 есеге өскен (2019 жылы — 81, 2020 жылы — 98, 2021 жылы — 136, 2022 жылы — 178, 2023 жылы — 159, биылғы тоғыз айда — 234).
«Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық қоғамда өзекті мәселе болып отыр. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, балаларға қатысты қылмыс 28 пайызға (96-дан 123-ке), отбасылық-тұрмыстық салада 484 пайызға (19-дан 111-ге) артты. Отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстың күрт көбеюі ұрып-соғу мен денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтірудің осы жылдың маусым айынан бастап әкімшілік емес, қылмыстық құқық бұзушылыққа ауысуына байланысты. Алайда қылмыстар үшін жауапкершілік тек оларды жасаған адамдарға ғана жүктелмейді, мұнда қылмыстың алдын алу үшін барлық қажетті күш-жігерді қолданбаған немесе әрекетсіздік танытқан мемлекеттік органдар да кінәлі», — дейді Д. Омарғалиев.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отбасындағы зорлық-зомбылықпен қатар қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстың (1 127-ден 1 159-ға) 3 пайызға артуы да алаңдатады.
БҚО прокурорының бірінші орынбасары сонымен қатар өзіне-өзі қол жұмсаған балалардың саны 2023 жылы 150 (2-ден 5-ке), биылғы тоғыз айда тағы 80 пайызға (5-тен 9-ға дейін) өскендігін жеткізді. Ал өзіне-өзі қол жұмсау әрекеттері 2023 жылы 50 пайызға (8-ден 12-ге) артса, биыл 41 пайызға (12-ден 7-ге) төмендегені байқалады.
«Біздің тапсырмамызбен психологиялық қолдау орталығы өзіне-өзі қол жұмсаудың себептеріне талдау жасады. Мұның нәтижесі көп жағдайда балаларды мұндай әрекетке итермелейтін факторлар ретінде ата-ана назарының жетіспеуі және олармен өзара түсіністіктің болмауы екендігін көрсетті. Өйткені балалар өзіне-өзі қол жұмсағанға дейін хат-хабарды ата-аналарына емес, аға-апаларына қалдырған. Бір жағдайда 14 жасар қыз анасының қолдауын күткенін тікелей көрсеткен. 19 деректің бесеуінде жасөспірімдер өзіне-өзі қол жұмсауға оқталуының себептерін отбасындағы жанжалмен байланыстырған. Қалған 14 жағдайда балаларды құрдастарымен қақтығыс, жауапсыз махаббат және өздерін өзгелермен салыстыру оларды өзіне-өзі қол жұмсауға итермелеген. Мұның барлығы балалардың психологиялық көмекке, ата-ананың назарына және қамқорлығына мұқтаж екенін көрсетеді. Қазіргі уақытта цифрлық тәуелділіктің күшеюі, балалардың виртуалды әлемге шамадан тыс еліктеп, өз өмірлерін басқалармен салыстыруы жағдайды одан әрі ушықтырады», — деді Д. Омарғалиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да экс-полицейдің қолынан қаза тапқан 30 жастағы жігіттің қызы дүниеге келгенін жазған болатынбыз.