БҚО-да соңғы бес жылда жасөспірімдерге қатысты жыныстық қылмыс төрт есеге өсіп отыр

Облыс прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 2010 жылы сондай 84 қылмыс тіркелсе, ол 2014 жылы 174-ке жетті. Әсіресе, кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қылмыстың төрт есе (сәйкесінше 12-ден 52-ге) артуы алаңдатады. 2015 жылы жасөспірімдерге қатысты мұндай қылмыстың өсу қарқыны 4 пайызға (49-дан 47-ге) азайғанымен, бұл мәселе күн тәртібінде аса маңызды болып қалып отыр.
Талдау көрсеткеніндей, мұндай қылмыстардың жасалуына отбасылық құндылықтарға мән берілмей, рухани-адамгершілік қасиеттің төмендеуі, зорлау әрекетін жасауға бейім психикалық дені сау емес тұлғаларды анықтауда денсаулық сақтау ұйымдары мен ішкі істер органдары өзара байланысының кемдігі, оқу орындарында алдын алу жұмыстарының жетіспеуі, зинақорлық пен зорлық-зомбылықты насихаттайтын ғаламтор сайттары, жәбірленушілердің азғындыққа бейімдігі мен спирттік ішімдікке үйір болуы секілді себептер әсер етуде.
Прокуратура органдары жүргізген рейдтік шара барысында екі күннің өзінде жұмыспен қамтылмаған 15 қолайсыз отбасы есепке қойылып, 2 кішкентай баланың бес тәуліктен астам уақыт бойы қауіпті жағдайда және 3 жасар балдырғанның үш тәуліктен артық ата-анасының қарауынсыз қалғаны анықталды. Оған қоса кәмелетке толмағандарға қатысты 6 жыныстық қылмыс дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру шаралары жүргізілуде. 4 бала кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына, тағы біреуі облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жатқызылып, олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Алқа мәжілісінде құқық қорғау және уәкілетті органдардың осы бағыттағы жұмыстарды ширатып, кешенді шаралар қабылдауы қажеттігі атап көрсетілді.