БҚО-да соңғы үш жылда сыртқы сауда айналымы 8,2 трлн. теңгеге жетті

Бұл туралы облыс әкімі Алтай Көлгінов бүгін Салтанат сарайында өңірдің өнеркәсіп және агроөнеркәсіп салаларында кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел отырысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өңір басшысының атап өткеніндей, еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде кәсіпкерлік те даңғыл жолға түсті. Елбасы бастамасымен қолға алынған мемлекеттік және салалық бағдарламалар кәсіпкерліктің дамуына ерекше серпін берді. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы дербес құрылым ретінде кәсіпкерлердің құқығы мен мүддесін қорғау, оларға қолайлы жағдай туғызу мақсатында жұмыстанып келеді.
Қазақстанның ДСҰ мен Еуразиялық экономикалық одаққа кіруі экспорттың дамуына, жоғары инновациялық технологияларды пайдаланатын жаңа бірлескен кәсіпорындардың құрылуына септігін тигізуде.
Қазіргі таңда ірі экспортерлер ретінде агроөнеркәсіп кешенінде «Мартин» деген сауда белгісімен белгілі «Желаев астық өнімдері комбинатын», «Кублей», «Белес Агро», өнеркәсіп саласында «Орал трансформатор зауыты», «Орал «Зенит» зауыты», «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы», «ТМК-Казтрубпром» және басқаларын айтуға болады. Олар өнімдерін негізінен Ресей, Әзербайжан, Қырғызстан, Беларусь, Армения, Өзбекстан және алыс шет елдерге жөнелтуде.
Отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында сыртқы нарыққа шығу, шетелдік серіктестерді іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Мысалы, биыл Иран еліне барған сапар нәтижесінде қазақстандық және ирандық компаниялар арасында алты меморандумға қол қойылды. Соның ішінде оралдық «Топан» ЖШС мен ирандық «Falizan Tasfyeh Co» компаниясымен мұнайхимия саласында химиялық реагенттерді өндіру жөнінде уағдаласса, «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ «Innovative Component Solution» фирмасымен газтурбиналы қондырғылар үшін жабдықтар шығару туралы келісімге келді. Күні бүгін олар нақты іс-қимылға көшу үстінде. Сондай-ақ Сингапур, Түркия сынды елдерге сапар барысында «Топан» ЖШС мен сингапурлық «Сhemical Industries» компаниясы арасында Қазақстанда химия зауытын ашу туралы ортақ келісімге қол жеткізілді.
Биылғы наурыз айында «Орал трансформатор зауыты» ЖШС мен түркиялық жеке инвесторлар әлемдік деңгейде аты мәлім швейцариялық «АВВ» компаниясының технологиясы негізінде электртехникалық жабдық шығару мақсатында бірлескен кәсіпорын құру жөнінде келіскен болаты. Соның нәтижесінде Оралда жаңа бірлескен кәсіпорын «URAL ELECTRIC» ЖШС тіркеліп, электрқалқанды жабдық шығару жөнінде жаңа жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобаны алдағы жылдың бірінші тоқсанында іске қосу көзделуде. Тұрмыстық қалдықтарды өңдеу мен су тазалауда мол тәжірибесі бар «Doranova» фин компаниясының өкілдері Оралда өз жобасын жүзеге асыру үшін зертханалық және маркетингтік зерттеулер жүргізуде. Сол секілді «Lammin Ikkuna», «General Finland» фин компаниялары мен «Стекло Сервис», «Элита» ЖШС арасында төрт жақты меморандумға қол қойылды. Бұл жоба бойынша фин технологиясы негізінде қызмет ету мерзімі 30 жылдан жоғары, сапалы есік-терезе шығару, өндіріс үшін таза материалдарды (ағаш, алюминий, әйнек) қолдану ойластырылуда. Қазіргі кезде бірлескен «ЛАММИН» ЖШС-ын құру мәселесі шешілуде.
Оған қоса Елбасы тапсырмасына сәйкес өңіраралық кооперацияны дамыту бағытында БҚО делегациясы Алматы қаласында, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облыстарында болып, келіссөздер жүргізді. Бұл да жеміссіз болған жоқ. Қазірдің өзінде «Жәрдем» шаруа қожалығы Ақтау қаласына 170 млн. теңгеге 150 тонна ет жеткізсе, «Батыс Марка Ламб» компаниясы Атыраудағы сауда үйлерімен меморандум жасасты. «Каверин» ЖК Атырауға қазан айының өзінде 1,5 тонна өнім жөнелтті. Сондай-ақ Батыс және Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары зауыттарының қатысымен Оралда мұнайгаз саласы үшін құрыш тұрбалар шығаратын бірлескен кәсіпорын ашу қарастырылуда.
Биыл өңірде инвестиция тартуда оң өзгеріс бар. 2015 жылғымен салыстырғанда, инвестиция көлемі 18 пайызға өсіп, 263,1 млрд. теңгеге жетті, соның ішінде сырттан келгені - 55,9 пайыз (184,8 млрд. теңге).
«Мемлекет басшысы атап өткеніндей, отандық кәсіпкерлік жаңа экономикалық бағыттың қозғаушы күші болып табылады. Бұл ретте егемен елдің батыс қақпасы саналатын өңірімізде де кәсіпкерлікті заманауи талаптарға сай дамыту үшін өндірістік, инвестициялық әлеует жеткілікті», деді Алтай Көлгінов.
Жиында сондай-ақ «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев шет елге ет өнімдерін шығару үшін кооперациялар құрып, біріге жұмыстану қажеттігіне тоқталса, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ төрағасы Жандар Омаров ауыл шаруашылығын қолдау бағытында жаңа жоба-бағдарламалардың қолға алынғанын жеткізді. Батыс Қазақстан облысының өкілдері, фин бизнес хабының директоры Мұхтар Манкеев, «Топан» компаниясының коммерциялық директоры Ғайса Жұмалиев, «CentrAsia Group» компаниялар тобының даму жөніндегі директоры Жұматай Сәлімов сыртқы инвестициялар тарту жөніндегі өз тәжірибелерімен бөлісті.