БҚО-да сот қызметін насихаттауға сүбелі үлес қосқан журналистер марапатталды

БҚО сотының төрағасы Бек Әметовтің мәлім еткеніндей, Елбасының сот жүйесін одан әрі жаңғырту бойынша алға қойған міндеттерін орындау мақсатында салада жүйелі жұмыстар атқарылуда. ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәмидің 2016 жылғы 28 сәуірдегі өкімімен ҚР соттарының бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл тұжырымдамасы бекітілді.
2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандық соттар жаңа үш буынды жүйе жағдайында жұмыс істеуде, судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптар арттырылды, судьяларды даярлау мен іріктеу жүйесі күшейтілді, сот процестерін өткізу кезінде аудиобейнетіркеуді қолдану жүйесі жетілдірілді, қолданыстағы заңнамаға сот ісін жүргізуді жеңілдету жөнінде өзгерістер енгізілді және өзге де бірқатар шаралар қабылданды. Тұтастай алғанда, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес судьялар корпусының алдына сот төрелігінің сапасын және тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыру жөнінде бірқатар міндеттер қойылды.
Сот сатыларының оңтайландырылуы сот төрешілдігін қысқартуға, түпкілікті шешімнің қабылдануы мен орындалуын тездетуге, азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берді.
Ұлт жоспарында белгіленген басымдықтарды ескере отырып, БАҚ-пен өзара іс-қимыл бойынша жүйелі жұмыс жолға қойылды. Жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдануға айрықша көңіл бөлінуде.
Жоғарғы соттың интернет-ресурсы белсенді жұмыс істеуде. «Қазконтент» АҚ рейтингісінің қорытындысы бойынша Жоғарғы соттың ресми интернет-ресурсы барлық орталық мемлекеттік органдардың веб-сайттары арасында бірінші орынды иеленіп отыр. Азаматтардың сот ақпаратына кеңінен қол жеткізуіне жоғары сот органы интернет-ресурсының «Сот кабинеті» электрондық ақпараттық сервистерінің тиімді қызмет етуі де өз ықпалын тигізуде.
Жалпы, отандық және шетелдік сарапшылардың бағалауынша, республиканың судьялар корпусы жоғары деңгейдегі ашықтық пен айқындылықты көрсетіп отыр. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сот процестерін өткізу кезінде БАҚ өкілдерінің сот залдарына кіруі қамтамасыз етіледі. Барлық облыстық және оған теңестірілген соттарда баспасөз қызметтері, сондай-ақ БАҚ-пен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіруші-судьялар белсенді жұмыс істеуде. Сот органдары меншік нысанына қарамастан, барлық БАҚ редакцияларымен өзара тиімді диалог орнатты.
Жұмыстың жариялылығы сот төрелігінің ажырамас құрамдас бөлігі және сот қызметін бағалаудың міндетті критерийлерінің бірі болып табылады.
«Қоғамда «төртінші билік» өкілдері деп лайықты аталып жүрген журналистердің төл мерекесінің билік өкілдері үшін де, жұртшылық үшін де маңызы зор. Мемлекеттік билік пен қалың бұқараның арасын жалғап, қоғамдағы оқиғаларды ел-жұрттың алдына шығарып, кең тыныс беретін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, журналистер ерекше мамандық иелері болып табылады. Болып жатқан оқиғаларды, тың деректі, соны жаңалықты ел құлағына жеткізуді кәсіби машығына айналдырған журналист қауымның ел өміріндегі мән-маңызын әркім де жоғары бағалайды», деді Б.Әметов.
Кездесу барысында сондай-ақ облыстық соттың БАҚ-пен үйлестірушісі Есенбай Боранбаев, ҚР Судьялар одағы БҚО бөлімшесінің төрағасы Исатай Сматов, құқық тақырыбында жазатын республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің шолушысы Александр Тасболатов және басқалар сөз алып, соттың ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету бағытында өз ой-толғамдарымен бөлісті.
Соттардың қызметін насихаттауға қосқан үлестері үшін БАҚ өкілдеріне алғысхаттар мен ескерткіш сыйлықтар табыс етілді. Марапатталғандар арасында республикалық «Казахстанская правда» газетінің БҚО бойынша меншікті тілшісі Людмила Корина, облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» газеттері мен қалалық «Жайық үні» апталығының бас редакторлары Бауыржан Ғұбайдуллин, Роза Сыйықова, Мира Шүйіншәлиева және басқалар бар.