БҚО-да сот шешімімен мектеп директоры өз орнына қайта орналастырылды

ОРАЛ. 25 желтоқсан. ҚазАқпарат - Жаңақала аудандық сотының шешімімен Н.Мырзақұлов Жаңақала орта мектебі директорлығына қайта орналастырылды.
None
None

Облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, ол аудандық білім беру бөлімі басшысының бұйрығымен қызметінен босатылып, 0,5 жүктемемен педагогикалық қызметінде қалдыру туралы бұйрығын заңсыз деп тану, лауазымына қайта орналастыру, лажсыздан бос жүрген уақытына жалақысын өндіру, 2013 жылғы 27 тамыздағы «Жаңақала аудандық білім беру бөлімі» ММ-не түсініктеме беруден бас тартқаны үшін толтырылған актіні жарамсыз деп тану, білім беру бөлімі бастығының 2012 жылғы 22 қарашадағы ескерту жариялау туралы бұйрығын заңсыз деп тану, өкілдің заң көмегіне жұмсалған сексен мың және бес жүз мың теңге моральдық залалды өндіру және мектеп директорының міндетін атқарушының бұйрығын заңсыз деп тану туралы талап арызымен сотқа жүгінген.

Сотта анықталғанындай, Жаңақала аудандық мәслихатының шешімімен 25-26 шілде күндері аудан бойынша жалпы білім беретін орта мектептердің 2012-2013 оқу жылында ҰБТ-дан төмен нәтиже көрсету себептерін анықтау үшін тексеріс жүргізіліп, онда облыс бойынша «Ең нашар 20 мектептің» қатарына кірген мектеп директорына, №3 қазақ мектебіне, Жаңақала орта мектебі «Алтын белгі», «Ерекше үлгідегі аттестатқа» үміткерлері өз білімдерін қорғамағандықтан және «қанағаттанарлықсыз» бағаны алған оқушылар санының көп болуына, сонымен қатар, материалдық-техникалық базасы, мұғалімдердің сапалық құрамы жоғары бола тұра облыстық деңгейге жете алмауы, мектептің оқу-тәрбие процесінің дұрыс ұйымдастырылмауынан бір оқушы үш пәннен «екі» алып, орта мектепті бітіру туралы аттестат алмағандары анықталып, жоғарыда аталған үш мектептің директорларына қатаң шара алу туралы аудандық білім беру бөлімінің басшысына тапсырылып, аудан әкіміне ұсынылған.

Жаңақала ауданы әкімінің 8 тамыздағы қаулысына сәйкес, білім бөлімінің басшысына аталған мектеп директорларының атқаратын лауазымдарына сәйкестігін қарап, шара алу жүктелген.

Осыған орай «Жаңақала аудандық білім беру бөлімі» ММ басшысы Д.Серғазиевтің 2013 жылғы 27 тамыздағы бұйрығының негізінде Н.Мырзақұлов директор лауазымы қызметінен босатылып, сол мектепке 0,5 жүктемемен педагогикалық қызметке қалдырылған.

Алайда білім бөлімі басшысының Н.Мырзақұловты не үшін, қандай негіздермен лауазымдық қызметтен босатқаны көрсетілмеген.

Сот жинақталған дәлелдемелерді және іс материалын зерттеп, тараптардың, куәлардың түсініктемелерін ескере отырып, талап арыз ішінара қанағаттандыруға жатады деп шешті

Аудандық соттың шешімімен «Жаңақала аудандық білім беру бөлімі» ММ-нің басшысы Д.Серғазиевтің 2013 жылғы 27 тамыздағы №122-2 санды бұйрығы заңсыз деп танылып, бұзылып, Н.Мырзақұлов Жаңақала ЖОББМ-нің директоры лауазымына қайта орналастырылды. Сонымен қатар Н.Мырзақұловтың пайдасына лажсыздан бос жүрген уақытына үш айлық орта жалақысы 270765 теңге өндірілді. «Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебі» ММ директорының міндетін атқарушы Р.Диярдың 2013 жылғы 31 тамыздағы №37-1 санды бұйрығы заңсыз деп танылып, бұзылды. Ал талап арыздың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылды.

Шешім заңды күшіне енген жоқ. Қазіргі кезде білім бөлімі тарапынан облыстық сотқа апелляциялық шағым түсті.

Соңғы жаңалықтар