БҚО-да сот ұйғарымын орындамаған ауыл әкіміне шара қолданылды

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданының тұрғыны жер телімін жеке меншікке алу мақсатында аудандық жер қатынастары бөліміне жүгінген.

сот
Фото: freepik.com

БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, талапкердің арызы өткен жылдың желтоқсан айында Бәйтерек аудандық жер комиссиясының отырысында қаралып, жерді беру туралы комиссияның оң шешімі шыққан. 

Алайда Байқоныс ауылдық округінің әкімі қол қойған 17 желтоқсандағы № 255 шешімге сәйкес аталған жер телімін беруден бас тартылған. 

Мұнымен келіспеген ер адам БҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына әкімшілік талап қоюмен жүгінген.

Істі қарау барысында ауыл әкімі өз пікірін және соттың сұратқан әкімшілік іс құжаттарын белгіленген мерзімде сотқа жолдамаған. Соның салдарынан іс бойынша алдын ала тыңдау кейінге қалдырылған.

Сотта түсінік берген ауыл әкімі сот ұйғарымының орындалмау себебін түсіндіре алмай, оған дәлел келтірмеген.

- БҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының ұйғарымымен Байтерек ауданы Байқоныс ауылдық округі әкіміне 78 640 теңге көлемінде ақшалай өндіріп алу қолданылды. Салынған қаржы мемлекет бюджетіне өндірілді. Ұйғарым заңды күшіне енді, - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да экс-шенеуніктің сот шешімімен қызметтік тұрғын үйден шығарылғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар