БҚО-да сталкинг жасаған ер адамға айыппұл салынды
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында Бөрлі аудандық соты Қылмыстық кодекстің 115-1-бабында көзделген заңсыз қудалау дерегі бойынша үкім шығарды.
БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, сотталушы Д. өз әрекеттерінің заңсыз екенін біле тұра, жәбірленуші Е-ге 2025 жылғы 20 қыркүйектен 2026 жылғы 23 қаңтарға дейінгі аралықта жүйелі түрде заңсыз қудалау жасаған.
Атап айтқанда, бірнеше рет телефон соғып, хабарламалар жіберген, соның ішінде қорқыту сипатындағы хабарламалар жолдаған. Жәбірленушінің тұрғылықты және жұмыс орнына барып, сол жерлерде аңдып күткен.
2026 жылғы 23 қаңтарда сотталушы мас күйінде дүкеннен шыққан жәбірленушіні аңдып, оның еркінен тыс қолынан ұстап, қардың үстіне құлатқан. Сол сәтте әріптестері көмек көрсетіп, сотталушыны қуып жіберген.
Қылмыстық істі қарау барысында сотталушы кінәсін толық мойындады. Прокурор сотталушыға 80 сағат қоғамдық жұмыс тағайындауды сұрады, ал жәбірленуші жазаны соттың қалауына қалдырды.
Ер адамның әрекеттері жәбірленушіге елеулі зиян келтірген заңсыз қудалау ретінде сараланды.
- Сот сотталушының әрекеттері ұзақ уақытқа созылғанын, Қазақстан Республикасы Конституциясымен кепілдік берілген жеке адамның негізгі бостандықтарына қол сұққанын атап өтіп, іс бойынша жиналған дәлелдемелердің жиынтығы негізінде оны кінәлі деп таныды.
Нәтижесінде сотталушы Д-ға 80 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 346 мың теңге көлемінде айыппұл түріндегі жаза тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда сталкинг жасаған 2 адамның сотталғанын жазған едік.