БҚО-да су тасқынына қарсы жұмыстарға студенттер де атсалысып жатыр

ерікті жастар
Фото: Жәңгір хан атындағы БҚАТУ

ОРАЛ. KAZINFORM — Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ұжымы өңірде су тасқынына байланысты қолдан келген көмектерін ұсынып жатыр. 

Төтенше жағдай болғаннан бері университетте профессор-оқытушылар құрамынан, қызметкерлер мен студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарынан арнайы штаб құрылды.

Қарғын су елді мекендерге қауіп төндірген алғашқы күндерден бастап студенттер Қаратөбе ауданындағы зардап шеккен халыққа гуманитарлық көмек қорын жеткізуге жәрдемдесті. 

Университеттің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Ақылбек Сұлтановтың айтуынша, тасқын су қаупі сейілмеген осындай сын сағатта өздерінің жауапкершіліктерін, азаматтық парыздарын сезінген ЖОО қызметкерлері, «Әскери кафедра» сарбаздары, волонтерлер мен жатақханада тұратын білім алушылар өзен жағасындағы бөгеттерді биіктетуге жәрдемдескен. Сондай-ақ су тасқыны қаупі бар аумақтарда қорғанысты күшейту, эвакуациялық орындарды дайындау жұмыстарына да көмектесіп жатыр. 

Еріктілер күнделікті қапшықтарға құм толтыру, Зачаган кентінен өтетін Жайық өзенінің арнасын биіктету, Батыс Қазақстанға келіп жеткен гуманитарлық көмектерді жүк көлігінен түсіру және халыққа тарату жұмыстарына белсене қатысуда. Сондай-ақ университет ұстаздары білім алушылармен бірге Зачаган кентіндегі «Арман» жекпе-жек спорт сарайындағы эвакуациялық бекетке орналастырылған адамдарға азық-түлік пен тұрмыстық керек-жарақтарын жеткізіп берді. Жалпы, бұл жұмыстар су тасқынының қаупі сейілгенге дейін жалғасады.

Зардап шеккен жерлестерге қолдау көрсету мақсатында университет ұжымы ерікті түрде бір күндік жалақыларын аударып, игілікті іске үлес қосты. Су тасқынынан зардап шеккен халықты уақытша орналастыруға арналған 100 адамдық эвакуациялық орын да дайын тұр. 

«Біз қашанда жерлестерімізбен біргеміз. Осындай біріккен күштің, төзім мен сабырдың арқасында бұл қиындықты да еңсереміз деген сенім мол», - деді А.Сұлтанов. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын ветеринарлар Орал қаласында құм толтырылған 125 мың қапшық дайындалғанын хабарлаған болатынбыз. Сондай-ақ су басқан аумақтарда жұқпалы ауру жұқтырмау үшін не істеу керегін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар