БҚО-да су тасқынынан егістікке келген залал 261 млн теңгеден асты

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында көктемгі су тасқыны салдарынан өсімдік шаруашылығына келтірілген шығын есептелді.

тасқын су
Фото: ТЖМ

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рүстем Зұлқашевтің мәлім еткеніндей, комиссиялардың қорытындысына сәйкес жалпы залал көлемі 261 млн 566,443 мың теңге болды.

Соның ішінде Сергей Исаев атындағы халықаралық эксперименталдық коллекциялық тәлімбақта 4,5 гектар аумақты су басу салдарынан 104,4 млн астам теңге залал келтірілген.

Бұдан басқа күздік бидай, жеміс-жидек, құлпынай, таңқурай, сарымсақ, қияр егілген алқаптарға келген зиян да есептелді.

«Осылайша, төтенше жағдайға байланысты өсімдік шаруашылығына келген шығын көлемі есептеліп, облыстық қаржы басқармасына тапсырылды. Қаржы жергілікті бюджеттен төленеді», деді Р.Зұлқашев.

Сергей Исаев атындағы тәлімбақтың иесі, белгілі бағбан Қайрат Кәрімовтің айтуынша, келтірілген шығын қатардағы бақ ретінде есептелген.

«Қазақстандағы бірегей бақ болғандықтан, шығынды есептеген кезде оның тектік (генетикалық) ерекшелігін ескерсе деп едім. Дегенмен осы қаржыға жұмыстанамыз. Қазақстан мен Ресейдің белгілі ғалымдары біздің тәлімбақты сақтап қалу жөнінде Президент пен Премьер-Министрдің атына хат жазды. Оның да нәтижесін күтеміз», деді Қ.Кәрімов. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да суға кеткен егістік, бау-бақша алқаптарының шығыны анықталып жатқанын жазған едік.

Сондай-ақ Батыс Қазақстанда бірегей алма бағы жойылып кетуі мүмкін.

БҚО-дда су тасқыны салдарынан 6 мыңға жуық үйге залал келген. 

Соңғы жаңалықтар