БҚО-да суға кеткен аумақтарда 350 оқушыға оқу құралы табыс етілді
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында Қазақстан халқы ассамблеясының «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында суға кеткен аумақтарда 350 оқушы мектепке баруға қажетті жиынтықтар мен ноутбуктер алды.

Орал қаласындағы Салтанат сарайында өткен іс-шарада мәлім етілгеніндей, жаңа оқу жылына арналған құрал-жабдықтар (ноутбуктер, маусымдық және спорттық киімдер, рюкзактар) Орал қаласы мен Бөрлі, Бәйтерек, Қаратөбе, Сырым, Теректі аудандарының балалары үшін сатып алынған.
Биыл көктемде Оралда саяжайлар, аталған аудандарда тұрғын үйлер суға кеткені мәлім.
Freedom Holding Corp ұжымының бастамасымен Қазақстан халқы ассамблеясы мен ассамблея жастары ұйымы бірлесіп ұйымдастырған іс-шараға қатысқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев «Мектепке жол» аясында әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар балаларын қолдаудың маңыздылығын атап көрсетті.
«Мектепке жол» қайырымдылық іс-шарасы игі дәстүрге айналып, жеткіншек ұрпақтың жаңа оқу жылына ойдағыдай дайындықпен баруына септесіп келеді. Мемлекет басшысы атап өткеніндей, білім мен ғылым – табысқа жетудің басты жолы. Сондықтан біз балаларымыздың жақсы оқуы үшін барлық қажетті құрал-жабдықпен қамтуға тиістіміз. Акцияны ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін», - деді өңір басшысы.
ҚХА кеңесінің мүшесі, «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Жұмырбаев Батыс Қазақстан облысына ерекше мақсатпен келгендерін жеткізді.
Оның айтуынша, Freedom Holding компаниясы қызметкерлерінің бастамасымен суға кеткен аумақтарда зардап шеккен отбасылар балаларына көмек көрсету үшін қаржы жиналған.
«Қазақстан халқы ассамблеясы су тасқыны болған алғашқы күннен бастап «Жүректен жүрекке» жобасын бастады. Қарапайым адамдардың көмек қолын созуы арқасында зардап шеккендерге шамамен 1 млрд теңге жәрдем берілді. Су тасқыны кезінде Батыс Қазақстанға Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан облысынан гуманитарлық көмек жеткізілгені белгілі. Өңірде үйі суға кеткен бір отбасыға ассамблея атынан жаңа баспана тарту етілді. Қазақстан бойынша біздің меценаттар қаржысына барлығы 5 пәтер сатып алынды. Мұндай сынақтар біздің бірлігімізді нығайта түсті. Мемлект басшысы Қазақстан халқы ассамблеясы мен біздің еріктілеріміздің еңбегін жоғары бағалады. «Мектепке жол» акциялары еліміздің барлық қалаларында өткізіледі», - деді Т.Жұмырбаев.
Бұдан бұрын Freedom Holding Corp су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде тұрғын үйлерді қалпына келтіру үшін 2,9 млрд теңге бөлген болатын. Аталмыш компания Батыс Қазақстан облысында екі үлкен жобаны жүзеге асырмақшы. Оның бірі Орал қаласында ботаникалық бақ ашу болса, екіншісі – мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт кешені.
«Freedom Holding Corp қызметкерлері өз еріктерімен қайырымдылық іс-шарасына үлестерін қосты. Біз өз қызметімізді бір жылмен шектемейміз. Сондықтан мұндай жұмыстарды алдағы жылы да жалғастырмақшымыз», - деді «Freedom Шапағат» қайырымдылық қорының президенті Бағлана Мусина.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында үйлері суға кеткен 80 отбасының баспаналы болғанын жазған едік.