БҚО-да су мұнарасы құлап, бір адам жоғалып кетті

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданы орталығы Сайқын ауылында су мұнарасының құлағаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба тарады.

БҚО-да су мұнарасы құлап, бір адам жоғалып кетті
Фото: БҚО тұрғындарынан

Бөкей ордасы ауданы әкімдігінен алынған мәліметке қарағанда, 13 желтоқсан күнгі сағат 20.00-ден бастап ауа райының қолайсыздығы мен қатты желдің салдарынан электрмен қамтуда үзілістер болды.

— Сондай-ақ Сайқын ауылында су айдайтын қосымша мұнара (резерв ретінде пайдаланылады) құлап, істен шықты. Бұл тұрғындарға су беруге кедергі келтірген жоқ, себебі негізгі мұнара толық көлемде жұмыс жасап тұрды. Желдің салдарынан жарық сымдарының үзілуіне байланысты су беру қысқа уақытқа тоқтатылды. Бірақ та ақау жойылғаннан кейін негізгі мұнара арқылы тұрғындарға су беру штаттық режимде жүзеге асырылып жатыр, — делінген ресми мәліметте.

Жексенбі күні сағат 07.00-18.00 аралығында аудан бойынша Билайн, Актив, Теле2, Алтел және «Казақтелеком» мобильді байланыс операторларының ұялы байланысы болмады.

— Сонымен қатар 13 желтоқсанда шамамен сағат 21.00-де үйінен шығып, осы уақытқа дейін оралмаған 25 жастағы Елтай Қажығалиев жоғалып кетті. Оны іздестіруге Бөкей ордасы ауданы ТЖ күштері (7 адам, 2 техника), «Орда» шекара заставасы (8 адам, 2 техника), аудандық полиция бөлімі (17 адам мен 5 техника), жергілікті атқарушы органнан 43 адам мен 13 техника жұмылдырылды. Оған қоса «Орда» шекара заставасының 2 іздеу иті де тартылды, — деп хабарлады Бөкей ордасы ауданы әкімдігінен.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да боранға байланысты бірқатар ауданда электр жарығы өшкенін жазған едік.

Сондай-ақ БҚО-да 16 мыңнан астам абонент электр жарығынсыз қалды.

Соңғы жаңалықтар