БҚО-да сұйытылған газ тапшылығын жою мәселесі талқыланды (ФОТО)

БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бауыржан Талдықбаевтың айтуынша, қазан айына дейін ҚР Энергетика министрлігі бекіткен көлемде облыс 800 тонна, ал қараша мен желтоқсанда 1 мың тоннадан сұйытылған газбен қамтамасыз етіліп келді. Соның өзінде тапшылық жойылмай отыр. Алдағы жылдың қаңтар айына 2 мың тонна сұйытылған газды алу көзделуде. Алайда бұл үшін облыстағы газды пайдалануға жабдықталып, тіркеуден өткізілген барлық көліктердің нақты саны көрсетілген анықтама берілуі тиіс. Күні бүгін 3,5 мың автокөліктің газды пайдалануға жабдықталып, техқұжаттары қайта жасалғанымен, іс жүзінде тіркеуден өтпегендері әлдеқайда көп. Шамамен автокөліктердің 80 пайызы тіркеуден өтпей-ақ, сұйытылған газбен «тамақтанады». Оған қоса қызметтік көліктерді сұйытылған газға көшіру жөнінде қадамдар жасалуда. Яғни 2357-дей көлік қайта тіркеуден өткен жағдайда бюджет қаржысы үнемделіп, министрліктерден бөлінетін газ квотасын өсіруге жол ашады.
Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Махамбет Әбисатовтың сөзіне қарағанда, өңірде газбен жұмыс істейтін, бірақ тіркелмеген 3532 автокөлік бар. «Алау» ЖШС техникалық директоры Бағытжан Жапаров, «Тәуекел» ЖШС директоры Евгений Васильков облыста газбен жүретін көлік саны көбейгендіктен, стансаларда сұйытылған газ болмай, тіпті жартысы бос тұратындықтан, кезектің азаймай отырғанын жеткізді. Ресейлік нөмірмен жүрген, сондай-ақ транзиттік көліктер де аз емес.
«Жайықмұнай» ЖШС өкілдері коммерциялық бағамен сұйытылған газды босатуға мүмкіндіктері бар екендігін айтты. Бұл жерде әңгіме бағада, сонымен қатар газ құятын стансалар желісін кеңейтіп, олардың жанында жоғары сапалы қызмет көрсететін қосымша орындар ашу қажет.
«Ең бастысы, квота мөлшерін көбейту үшін газбен жүретін автокөліктің нақты саны керек. Сонда министрлік көлік санына қарай сұйытылған газды бөледі. Бұл ретте жүргізушілердің өздері жауапкершілікті сезінуі тиіс. Яғни көлікке газ жабдығын сертификаты мен лицензиясы бар кәсіпорындар орнатуы керек. Адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жабдықпен ойнауға болмайды», - деп кеңесті қорытындылаған облыс әкімі сала басшыларына тиісті тапсырмалар берді.
Айта кетейік, соңғы екі-үш айда өңірде сұйытылған газбен қамтуда іркілістер орын алуда.