БҚО-да сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасап, қызметінен босағандар саны артып отыр

ОРАЛ. 5 қараша. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайтын құқықбұзушылыққа барған мемлекеттік қызметкерлер саны азаймай отыр. Бұл туралы 5 қараша күні Тасқала ауданында мемлекеттік тәртіпті нығайту және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелеріне арналған кеңесте айтылды.
None
None

БҚО бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу басқармасының мәліметіне қарағанда, өңірде сыбайлас жемқорлық бағытындағы қылмыс жасағандар саны 2011 жылы - 34, 2012 жылы 29 болса, биылғы тоғыз айдың өзінде 23-ке жетіп отыр. Соның ішінде биыл Тасқала ауданы Родник мектебінің директоры М.Ғиметдинов пара алғаны үшін істі болды.

Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасап, тәртіптік жазаға тартылғандар саны да жоғары деңгейде қалып отыр. Атап айтқанда, 2011 жылы - 211, 2012 жылы - 134, биылғы тоғыз айда 147 қызметкер заң бұзып, тиісті жазасын алған. Соның ішінде өткен жылы 28 адам жұмысынан босатылса, биыл қызметімен қош айтысқандардың саны 62-ге жеткен, бұл - жауапкершілікке тартылғандардың 42 пайызы. Тасқала ауданы бойынша өткен жылы - 5, биыл 4 адам осындай жазаға тартылып, бірқатары қызметінен босап отыр.

Кеңесте аудан әкімі Қуат Мусин күн тәртібіндегі мәселенің аса маңыздылығын атап өтсе, «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының орынбасары, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО-дағы тәртіптік кеңесінің мүшесі Ғайсағали Сейтақ өңірдегі және аудандағы жағдайға талдау жасады. Сондай-ақ аудан прокурорының көмекшісі Темірлан Әбдіқұлов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Нұрмақов, аудан әкімінің орынбасары Сырымбет Серғалиев, Ақтау ауылдық округінің әкімі Орынбек Нәсимуллин және басқалар өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Әсіресе, мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы жетілдіру қажеттігін атап көрсетті.

Соңғы жаңалықтар