БҚО-да табылған медициналық қалдықтардың қайдан шыққаны белгілі болды

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Байқоныс ауылдық округі маңынан табылған медициналық қалдықтарға жүргізілген алғашқы зертханалық тексеру нәтижесінде қауіпті микробиологиялық көрсеткіштер анықталған жоқ.

Денсаулық сақтау министрлігі БҚО-дағы медициналық қалдықтарға қатысты мәлімдеме жасады
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Бұл туралы БҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің башысы Динара Жаңабергенова мәлімдеді.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде далаға тасталған медициналық қалдықтар мен қан құтыларының видеосы тараған болатын.

Оқиғадан кейін санитариялық-эпидемиологиялық бақылау, полиция және экология саласының мамандары бірлесіп тексеру жүргізіп, қалдықтардың шығу тегі мен қоршаған ортаға ықтимал әсерін зерттеуге кіріскен.

Департамент басшысы Динара Жаңабергенованың айтуынша, оқиға орнынан барлығы 144 медициналық қалдық анықталған.

— Құқық қорғау органдары, экология департаменті және біздің сала мамандары оқиға орнында бірлескен зерделеу жұмыстарын жүргізді. 144 медициналық қалдық анықталды. Полиция қызметкерлерімен бірге барлық материал тәркіленді. Сонымен қатар сол аумақтан топырақ үлгілері алынып, микробиологиялық зерттеуге жібердік. Алғашқы зерттеу нәтижелері бойынша оң көрсеткіштер анықталған жоқ, алайда зерттеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр, — деді ол Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында.

Динара Жаңабергенова
Фото: Видеодан скрин

Маманның сөзінше, медициналық қалдықтар қоршаған ортаға қауіп төндіруі мүмкін болғандықтан, анықталған аумақта шұғыл залалсыздандыру шаралары жүргізілген.

— Бұл биоматериалдардың қоршаған ортаға зияны болуы мүмкін. Сондықтан медициналық қалдықтар табылған аумақта толық залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта қауіптің алдын алу шаралары орындалып, ошақ толықтай өңделді, — деді Динара Жаңабергенова.

Тексеру барысында қалдықтардың Орал қаласындағы № 1, № 2 және № 4 емханаларға тиесілі екені анықталған. Алайда қазіргі кезеңде аталған медициналық ұйымдардың тарапынан заңбұзушылық фактілері тіркелмеген.

— Емханалар медициналық қалдықтарды келісімшарт негізінде арнайы утилизациямен айналысатын кәсіпорындарға өткізеді. Қазір барлық мән-жай тергеп-тексеру аясында анықталып жатыр. Медициналық қалдықтарды жоюмен айналысатын ұйымдардың қызметі қатаң бақылауға алынады және заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қолданылады, — деді СЭБ өкілі.

Бұдан бұрын медициналық қалдықтардың утилизациясын заңсыз жүргізген ШҚО компаниялары тексерілетінін жаздық.