16:53, 09 Мамыр 2020 | GMT +5
БҚО-да тағы сегіз адам коронавирустан емделіп шықты
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында тағы сегіз адам коронавирустан емделіп шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Надия Ахметованың айтуынша, олардың жетеуі – облыс тұрғындары.
Үшеуі Тасқала ауданынан болса, екеуі – Бәйтеректен, біреуі – Жәнібектен, тағы біреуі – Орал қаласынан.
Сондай-ақ тағы бір адам – Түркістан облысының тұрғыны.
«Екі рет алынған бақылау сынамалары емделушілерде коронавирустың жоқтығын көрсетті. Енді олар үйлерінде карантинде болады. Ауруханада жатқан қалған науқастардың жағдайы жеңіл және орташа халде», деді ҚазАқпарат тілшісіне Н.Ахметова.
Осылайша БҚО-да сауыққандар саны 80-ге жетті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жеті адамның жазылып шыққанын, Теңіз кен орнынан келген тағы бір адамнан коронавирус анықталғанын жазған болатынбыз.