БҚО-да Тасқала аудандық «Екпін» газетінің 80 жылдығы аталып өтілді

Өткен ғасырдың отызыншы жылдары өмірге келген аудандық газет түрліше атаулармен жарық көріп, елмен бірге талай қиын-қыстау кезеңді де, сәулелі шақтарды да бастан кешірді. Басылым тарихында айшықты ізі қалған тұлғалар баршылық. Соның ішінде 1967 жылы Камен (қазіргі Тасқала) ауданы құрылған кезден бастап «Екпін» деп аталған газетті жиырма жылдай басқарған марқұм Мағжан Кенжеғалиевті айрықша атауға болады. Қылышынан қан тамған кеңес дәуірінің өзінде орыс тілі үстемдік құрған ауданда «Екпін» газетінің редакциясы тілі қазақша жалғыз мекеметұғын. Редактор Мағжан Кенжеғалиевтің өзінің тұстастарынан ерекшелігі, қаламының желі бар журналистерді, әсіресе, жастарды облыс аудандары мен Орал қаласынан арнайы шақырып, қанатының астына алып, тәрбиелей білді. Соның арқасында қалалық, аудандық газеттерге редактор болып кеткен, республикалық, облыстық басылымдарға жоғарылаған «екпіндіктер» аз болған жоқ. Осындай таланттар еңбек еткен «Екпін» елдегі алдыңғы қатарлы басылымдардың біріне айналды. Ол кезде аудандық газет басшыларына орден-медальдар өте сирек берілетін. Ауданда беделі биік, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болған Мағжан Кенжеғалиев алғашқылардың қатарында «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталды. Кейін тәуелсіздік таңы атарда аудан орталығында қазақ мектебі мен мешіттің ашылуына күш салған да осы ардагер журналист еді. Сонымен қатар газетке жиырма жыл жетекшілік еткен Сатыбалды Ашығалиевті де ұмыт қалдыруға болмайды.
Тасқаладағы «Азалы ана» монументіне тағзым етіліп, гүл шоқтары қойылғаннан кейін аудандық мәдени-демалыс орталығында өткізілген «Ел газеті - «Екпін» атты салтанатты шарада басылым ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, естеліктер айтылды. «Екпіннің» сексен жыл ішінде жүріп өткен жолдары, әсіресе, Мағжан Кенжеғалиевтен қазіргі редакторы Тоқтар Кенжеғалиевке дейінгі кезең әңгіме арқауына айналды. Басылым тарихын терең зерттеп, зерделеу керектігі де сөз болды.
Газет ұжымын құттықтаған аудан әкімінің міндетін атқарушы Азамат Сафималиев озат қызметкерлерге алғысхаттар табыс етті. Осы ауданнан түлеп ұшқан ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айтқали Нәріков, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлнәз Мағжанқызы, «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының орынбасары Ғайсағали Сейтақ, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Темір Құсайын, аудандық газеттердің басшылары ізгі тілектерін жеткізіп, сыйлықтарын табыс етті.
«Екпін» өзінің 80 жылдығына орай облыс жастары арасында жыр мүшәйрасын жариялаған болатын. Соның қорытындысымен бәйгеден келген Әділет Орынбасаров, Нұртай Текебаев, Алтынбек Ермекқалиев, Ақманар Аймашова, Бауыржан Ширмединұлы, Марлен Ғилымхановқа газет редакторлары болған Мағжан Кенжеғалиев, Сатыбалды Ашығалиев, алғашқы өлеңдері осында басылған Айтқали Нәріков, еңбек жолын «Екпінде» бастаған Ғайсағали Сейтақ, Темір Құсайын атындағы сыйлықтар табыс етілді.