БҚО-да тасқыннан жапа шеккен 7 мыңнан астам адамның несиесі кейінге шегерілмек

тасқынмен күрес
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен су тасқынынан зардап шеккен 7 мыңнан астам адамның несие қарызын кейінге шегеру бойынша шаралар қабылдануда.

су басты
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

БҚО әкімінің орынбасары Тілепберген Каюповтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, соның ішінде 4 мыңға жуығы — саяжай тұрғындары.

Тілепберген Ерсайұлының сөзіне қарағанда, су тасқынынан зардап шеккендерге несие бойынша төлемдер 1 сәуір мен 30 маусым аралығында 3 ай мерзімге кейінге қалдырылады.

Су тасқыны салдарының әсеріне байланысты туындаған төлемді кешіктіргені үшін айыппұл мен өсімпұл есептелмейді.

су басты
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

«Облыста су тасқынының бірінші және екінші кезеңдерінің салдарын қалпына келтіру бойынша жұмыстар басталды. Күні бүгін Орал қаласы, Қаратөбе, Сырым, Бәйтерек, Бөрлі және Теректі аудандарындағы тұрғындарға келтірілген шығындарды өтеу бойынша комиссиялар өз жұмыстарын жалғастыруда. Мүмкін болатын жерлерде, техникалық тексерулер жүргізілуде» деді облыс әкімінің орынбасары. 

Оның айтуынша, төтенше жағдай туындауы салдарынан 1 321 тұрғын үйге зиян келтірілді.

1 208 үй бойынша техникалық тексеріс жүргізіліп, соның ішінде 420 тұрғын үй әрі қарай тұруға жарамсыз деп танылды (Қаратөбе — 90, Сырым — 114, Теректі — 85, Бәйтерек — 7, Бөрлі — 124). 

Аталған аудандарда жарамсыз деп танылған тұрғын үйлерді қалпына келтіру бойынша жұмыстар басталды. Атап айтқанда, салынатын жаңа тұрғын үйлердің жер учаскелері анықталып, ескі орындары бұзылып, жер жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар зардап шеккендерге 100 айлық есеп көрсеткіш мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек (369,2 мың теңге) көрсетілуде. Казіргі таңда 1 893 отбасы 688,3 млн теңгеге әлеуметтік көмек алды.

су басты
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Су тасқыны салдарынан 2 342 бас мал шығынға ұшырады, соның ішінде 341-і — ірі қара, 63-і — жылқы, 1 741-і — ұсақ мал, 116-сы — шошқа және 81-і — үй құсы.

Бұл бағыттағы шығындарды өтеуге облыстық бюджеттің резервінен 187,5 млн теңге бөлінді.

Күні бүгін 141 өтініш білдірушіге 126,9 млн теңге көлемінде 1 мың бас мал шығыны өтелді. 

«Материалдық мүлікті өтеудің жоғарғы шекті құны 150 АЕК-ке дейін болып белгіленді (553,8 мың теңге). Материалдық мүлікті өтеу тиісті бағалау жұмыстары өткізілгеннен кейін жүргізілетін болады. Бизнеске келген шығындарды анықтау арнайы құрылған комиссиямен жүргізілуде. Облыс бойынша 100 субъекті (Бәйтерек — 24, Теректі — 37, Сырым — 7, Қаратөбе — 8, Бөрлі — 8, Орал қаласы — 16) зиянға қалды» деді Т.Каюпов.

су басты
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жайық өзеніндегі су деңгейі Тайпақ ауылы тұсында 750 сантиметрге жеткенін жазған болатынбыз.

Батыс Қазақстанда су басқан жолдар қалай қалпына келтіріліп жатыр.

Соңғы жаңалықтар